Наурыз нақыштары

Наурыз нақыштары

Қазіргі заманда қайта жанданған Наурыз мерекесі бүгінгі өмір тынысымен де біте қайнасып, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім, өзара сыйластықты нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Бірқатар шығыс халықтарында Наурыз мемлекеттік мереке ретінде жарияланды (Қазақстанда 2001 жылдан бері «Наурыз мейрамы»). Көктем мерекесі – Наурыз – ізгілік пен сүйіспеншілік салтанат құратын, табиғатқа жан бітетін, барша жақсылық бастамасы. Ертеден-ақ, Наурыз мейрамы кезінде әр ауыл-аймақтың жұрты жиналып, бір-бірімен көрісіп-жүздесіп, есен-саулық сұрасқан, түрлі ұлттық ойын («Қыз қуу», «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Тоғыз құмалақ» және т.б.), дәстүрлі ат жарыстары («Бәйге», «Жорға жарыс», «Көкпар») ұйымдастырылып, ән шырқалып, күй тартылып, мың бұрала би билеп, арқа-жарқа болысқан. Дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі «Тұсау кесер», «Бесікке салу» сынды ғұрыптық жоралғыларды Наурыз мерекесі кезінде атқарудың да маңызы зор.

«Наурыз нақыштары» мейрамы Мемлекеттік орталық музейде жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр және Қазақстан халықтарының мәдени дәстүрлерінің біртұтас нышаны саналады.

Осы мереке күні музей қонақтары үшін: қазақтың салт-дәстүрі бойынша театрлық қойылымдар; суретші Н.Г.Хлудовтың шығармашылығына арналған экспозиция негізінде балаларға арналған «Дәстүрлі қазақ мәдениеті әлеміне» интерактивті сабақ; музейдің экспозициялық залдарына экскурсиялар; О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі ұсынатын ұлттық киімдер үлгісі; музыкалық топтар мен ансамбльдердің қатысуымен концерт өткізіледі.

«Наурыз нақыштары» шарасы аясында келушілер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институты ұсынған «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмесінде қазақ халқының тарихы, мәдениеті және тұрмысынан көрініс беретін (кескіндеме, графика, мүсін және қолданбалы өнер туындыларымен) таныса алады.