
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафинмен кездесті.
Кездесу барысында мәдениет, туризм, дене шынықтыру және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ақтоты Райымқұлова Министрлік Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында мәдениет, туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы Меморандумға қол қою мәселесін қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин екі ел астанасы Нұр-Сұлтан мен Исламабадтың, іскерлік астаналары - Алматы - Карачи және екі рухани орталық Түркістан мен Лахор арасында ынтымақтастық орнату ниетімен бөлісті. Ержан Қыстафин министрге Қазақстанның Пәкістандағы мәдениет күндерін өткізуді ұсыныс ретінде айтты.
Жиында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және нығайту мақсатында бірқатар маңызды жайттар қозғалды.
2021 жылдың 2 қарашасында Исламабад қаласында Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшілігі Пәкістанның туризмді дамыту Корпорациясы мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өкілдерінің, екі елдің туроператорларының онлайн кездесуін ұйымдастырған болатын. Келіссөздер барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында тікелей диалог орнату жолдары талқыланып, Қазақстан мен Пәкістанның туристік әлеуеті туралы өзекті ақпаратпен алмасу және таратудың маңыздылығы айтылған.
Кездесуде сондай- ақ, Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) қызметіне қатысты осы жылдың 23 қарашасында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 10-шы отырысы өтетіні атап өтілді.