«Астана Балет» театры Алматыда әлемдік балет жауһарларын көрсетпек

«Астана Балет» театры Алматыда әлемдік балет жауһарларын көрсетпек

Ағымдағы жылдың 4 мамыры мен 6 мамыры аралығында Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында елордалық «Астана Балет» театры көрермендерге өзінің бірқатар өнер туындыларын тарту етпек. Шығармашылық ұжымның гастрольдік сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында өтпек. Театр труппасы өз орындаушылық деңгейін паш етіп, еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетпек.

Гастрольдік сапардың алғашқы күні көрермендерге неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен отандық балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» спектаклі ұсынылмақ. Қос қойылым да мінсіз стиль мен ғажайып хореографиясымен ерекшеленеді.

«Серенада» спектаклі «Астана балет» театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалды.

Заманауи балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» атты бір актілі балеті хореография тілімен өрнектелген халқымыз бен даламыздың тарихы. Терең мазмұнға толы, ерекше спектакльде Қуат Шілдебаевтың, Сергей Рахманиновтың, Арво Пярттың, Карл Дженкинстің музыкасы шырқалады.

5 мамыр күні «Астана Балет» театры көрермен назарына экстремальді техника, тынымсыз қимыл мен қарқынды музыка ырғағына құралған Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортада, сәл жоғары») атты спектаклі ұсынады. Уильям Форсайт балеті – декорациясыз, аскеттік костюмдер, ырғақты музыка, ерекше балет техникасы мен адам тәнінің мүмкіндігінің шегінде орындалған тынымсыз қимыл ағыны.

Сонымен қатар, көрермендер екінші бөлімде Мукарам Авахридің «Саломея» спектаклін тамашалай алады. Балет хореографиялық тұрғыдан Шығысқа тән графикалық пластика мәнерімен жасалған. Сонымен қатар, орындау техникасының алуан-түрі қолданылған: пуантамен және жалаң аяқ билеу.

Гастрольдік сапардың соңғы күні алматылық өнерсүйер қауымға «Астана Балет» театрының алуан-түрлі бағдарламасы тарту етілмек: халқымыздың мәдениеті пластика тілімен жеткізілген «Астана Балет Гала» концерттік бағдарламасы, бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің «A fuego lento», «Love Fear Loss» бір актілі балеттері хореография тілінде сезім сырларын шертіп, ерекше әсер қалдырады.

«Астана Балет Гала» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында Айгүл Тәтидің ұлттық хореография жауһарларына айналған бірқатар туындылары ұсынылады.

«A fuego lento» атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді.

«Love Fear Loss» (музыкасы – Эдит Пиаф, Чарльз Дюмонт, Жак Брельдікі, хореограф - Рикардо Амаранте) – Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның әндерінің әуенімен көмкерілген. Пиаф әндерінің басын қосса махаббат ұранына айналады.

Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.