
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл Сайлауқызымен кездесті.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мароккодағы Елшілігі осы жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында Сәулекүл Сайлауқызы Ақтоты Райымқұлованы Мароккодағы Қазақстан елшілігінің қызметімен таныстырды. ҚР Үкіметінің 12.08.2000 жылғы (№1210) қаулысымен ИСЕСКО-мен ынтымақтастықты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында жұмыс істейтін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясымен жүргізуге уәкілетті болғандықтан, сұхбат барысында Ислам әлемінің білім беру, ғылыми және мәдени ұйымымен ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ Сәулекүл Сайлауқызы 8-9 желтоқсанда 14-ші Конференция ұйымдастыру комитетінің отырысымен бірге өтетінін айтты.
«ИСЕСКО-ның үлкен мүмкіндіктері бар және біз онымен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Олар біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмысты бүкіл ислам әлеміне жария етуге дайын»,-деді Сәулекүл Сайлауқызы
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтылған жұмыстарды қолдауға дайын екенін жеткізіп, Елшіге Мароккомен одан әрі мәдениет, спорт, туризм бағыттары бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін бірқатар ұсыныс айтты.