Айман Мұсақожаева Мальтадағы VI халықаралық музыка фестивалінде Арам Хачатурянның концертін орындады

 Айман Мұсақожаева Мальтадағы VI халықаралық  музыка фестивалінде Арам Хачатурянның концертін орындады

А.Хачатурянның шығармаларын ҚР Халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Арменияның еңбек сіңірген әртісі, дирижер Сергей Смбатян басқаратын Мальта филармониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындады.

Концерт Мальтадағы VI Халықаралық музыкалық фестивалі аясында өтті.

«Мальта биыл Еуропаның мәдени астанасы болды, және маған Арам Хачатурянның скрипкаға арналған концертін орындау сәті түсті, осы тамаша концертпен біз Мальтада Арменияның мәдениет күндерін аштық. Бұл мен үшін аса маңызды, себебі бұл концертті 12 жасымнан бастап, Арам Ильич Алматыға К.Байсейітова атындағы мектепке келген кезде де орындадым. Бұл ұмытылмас сәттер еді! Маэстро алдында бұл концертпен өнер көрсету абыройына ие болдым. Концерттен кейін менің ноталарымда «Сен көрнекті скрипкашы боласын, бірақ табысқа жету үшін ең бастысы аянбай еңбек етіп, шыдамдылық таныту керек екендігін ұмытпа» деп жазба қалдырған еді. Рас, Арам Ильичтің берген батасы бүкіл өміріме жол ашқан іспетті... Бүгін оның концертін көптеген әлем сахналарында орындап жүрдім, енді бір мәрте Мальтада Арменияның еңбек сіңірген әртісі Сергей Смбатян басқаратын Мальта филармониялық оркестрінің сүйемелдеуімен үлкен қуанышпен орындадым» - деп атап өтті Айман Қожабекқызы.

Концерт бағдарламасына М.Ю.Лермонтовтың «Маскарад» драмасы музыкасынан сюита, Скрипкаға арналған  ре минор 38 концерті және «Гаяне» балетінен үзінділер енді.

«Биыл алтыншы мәрте өткізілетін фестивалімізді ұсынуға өте қуаныштымын. Осы жылы бұл ерекше фестиваль, себебі классикалық музыканың көптеген жұлдыздары, 2 оркестр, атап айқанда Армян мемлекеттік симфониялық оркестрі мен Мальта Филармониялық оркестрі қатысты. Ерекше атап өтетін жайт – композитор Арам Хачатурянның 115 жылдығына арналған, Мальтада Армян мәдениетінің күндерін ашатын концерт, оған белгілі қазақстандық скрипкашы Айман Мұсақожаева қатысады. Ол Арам Хачатурян концертінің үздік орындаушыларының бірі болып табылады. Еуразиялық музыкалық ойындар барысында Астана қаласында өткен жылы басталған біздің ынтымақтастығымыз Мальтада жалғасқанына өте қуаныштымын және Астанада да, бүкіл дүние жүзі бойынша көптеген бірлескен жобалар болатынына кәміл сенемін» - деп атап өтті концерттің алдында Мәдениетті қолдаудың Еуропалық қорының Президенті Михаил Ишханов.

Фестиваль аясында Айман Мұсақожаева Фестивальдің баспасөз-конференциясына қатысып, «Medici.tv» халықаралық интернет-телеарнасына сұхбат берді және «Любовь Казарновскаямен кездесу» бағдарламасына қатысты.

«Мальтадағы фестиваль, менің ойымша, әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіретін бірегей алаң, мұнда классикалық музыка әлемінен ең танымал және әйгілі музыканттар келіп, өте қызықты адамдармен кездесеміз. Өз басым  өте құрметтейтін достарымның осы тамаша фестивальде бүгін өздерінің асқан шеберлігін мен өнерін көрсетіп жатқанына өте қуаныштымын. Кеше ғана қазақтың белгілі скрипкашысы, қоғам қайраткері Айман Мұсақожаевамен сұхбаттастық. Өзіне 12 жасында батасын берген композитор Хачатурянның концертін Айман Мұсақожаеваның Мальта халқына арнап орындағанына өте ризамын. Айманның осы фестивальға қатысуына ерекше ілтипатпен қараймын, себебі біз Астанада көптеген іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл музыканың ғажайып күші барша халықтарға түсінікті, жаңа идеяларды тудырып, бүкіл әлемнің жүректерін ашатынына дәлел. Мен Айманның концертін асыға күтіп, фестивальдің ең маңызды оқиғаларының бірі деп санаймын» - деді Любовь Казарновская.

***

VI Мальта Халықаралық музыка фестивалі («Malta International Music Festival» – MIMF) 2018 жылдың 15 сәуірінен 1 мамырына дейін республиканың астанасы Валетта қаласында өтеді. 2018 жыл –Мальтаның мәдени өмірінде аса маңызды: Республиканың астанасы Валлетта қаласы Еуропаның мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Фестиваль Мальта астанасында классикалық музыканың ірі еуропалық орталығын құру мақсатында Мәдениетті қолдаудың еуропалық қоры мен Мальта Филармониялық оркестрімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Қазақстан тарапынан байқауға Астана қаласында 2017 жылы өткен Бірінші Еуразия ойындарының жеңімпаз пианисттері қатысады.

Қатаң конкурстық іріктеуден өткен жетпіс лауреат Валеттада 16-29 сәуір аралығында өтетін соңғы XII байқауға қатысады, бұл байқауда 100 000 еуро мөлшеріндегі бірінші сыйлық иегері анықталады. Мальта Халықаралық фортепиано байқауының ақтық мәресінде жалпы жүлде қоры 210 000 еуроны құрайды, бұл әлемдегі фортепиано байқаулары арасындағы ең үлкен жүлде қоры болып табылады!