Асқар Мамин: Қазақстан халықаралық деңгейдегі жаңа курорттық жобаларымен туристік әлеуетін ілгерілете алады

Асқар Мамин: Қазақстан халықаралық деңгейдегі жаңа курорттық жобаларымен туристік әлеуетін ілгерілете алады

15 қарашада ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуінде туризм саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.

«Алдағы екі-үш жыл ішінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі жаңа курорттық жобаларды дамыту арқылы өзінің туристік әлеуетін айтарлықтай ілгерілете алады. Бұл сала бүгінде отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр. Сонымен қатар Алматыдағы Ақбұлақ курортын дамытуға шамамен 500 млрд теңге, ал Шымбұлаққа - 200 млрд теңгеден астам қаражат салу жоспарланған»,- деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ Премьер-министр елімізде туризм саласының алатын орны ерекше екенін және осы бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Әлемдік деңгейдегі осындай туристік өнімді қалыптастыру оңайға соқпасы анық, бірақ біз осы саладағы мәселелерді шешуге күш саламыз. Елімізде Маңғыстау мен Түркістан облысының туристік әлеуеті қарқынды дамуда. Өздеріңіз білетіндей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қайта жаңғырған еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұндағы киелі орындар туристердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Сондықтан да тарихи кесенелерден басқа, жұртты қызықтыратын дүниелер болуы қажет. Біз осы істі соңына дейін жеткізуіміз керек. Сонымен қатар еліміздегі Алтын-Емел, Шарын, Көлсай, Іле Алатауы сынды табиғаты шұрайлы орындарға қатысты бірқатар нақты жоспарлар бекітілген. Кез - келген турист бұл орындардан жоғары сапалы қызмет түрін алатын болады. Сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағының да әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта қолға алған жұмыстар сәтті жалғасын тапса, Қазақстанның туристік келбеті мүлдем өзгереді»,- деді Асқар Мамин.