
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова актер Төлепберген Байсақаловты Лос-Анджелесте өткен Asian World film festival кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады.
«Құрметті Төлепберген Тұрсынұлы!
Сізді Лос-Анджелестегі Asian World film festival кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңімпаз атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Сіз А.Қасымбектің бүгінгі қоғамда өмір сүріп жүрген қарапайым адамның өмірін суреттейтін «От» фильміндегі ерекше рөліңіз үшін Asian World film festival кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесіне ие болып, өзіңіздің актерлік шеберлігіңіздің жоғары дәрежеде екенін жаhан жұртшылығы алдында тағы да дәлелдедіңіз.
Биыл 20-дан астам елде түсірілген 30 үздік туынды ұсынылған Asian World film festival кинофестивалінде талапшыл қазылар алқасы мен талғампаз көрермен тарапынан ерекше құрметке ие болып, ел мерейін үстем еттіңіз.
Алдағы уақытта да мол тәжірибеңіз бен ізгі істеріңіздің арқасында, киносүйер қауымның қадір-құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін. Лайым осы жолда қолға алған бастамаларыңыз баянды болып, қажыр-қайратыңыз арта берсін!
Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізге және еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып жүрген отандық кинотуындының түсірілім тобына сарқылмас қайрат пен шығармашылық табыс тілеймін»,- деп жазылған министрдің құттықтау хатында.