
Өзбекстан астанасы Ташкентте ерлер мен әйелдер арасында спорттық самбодан, тағы ерлер арасында жауынгерлік самбодан Әлем чемпионаты өтті. Бәсеке барысында самбошылар алғаш рет 7 салмақта кім мықтыны анықтады.
Әлем чемпионатының жүлде қоры – 231 000 АҚШ доллары. Әр салмақтағы жеңімпаз – 4000, күміс жүлдегер – 3000, қола жүлдегерлер – 2000 АҚШ долларына ие болды. Жалпы чемпионатқа 50-ге жуық мемлекеттің спортшысы келді.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен Ресейден кейін екінші орын алды.
Оның ішінде әйелдер құрамасы - екінші (бір алтын, екі күміс), ерлер құрамасы - төртінші (бір алтын, екі қола), жауынгерлік самбо құрамасы - төртінші (бір күміс, екі қола) орын алды. Айта кетейік, Ташкенттегі чемпионатта 18 елдің самбошысы жүлдеге қол жеткізді.