Ақтоты Райымқұлова Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты

Ақтоты Райымқұлова Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркия Республикасының Стамбұл қаласындағы Ататүрік мәдениет орталығында өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты.

Фестивальге Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Саха және Гагаузия елдерінен 100-ден астам халықаралық продюсерлер, режиссерлер мен актерлер, сондай-ақ елімізден КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Рүстем Әбдірашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Берік Айтжанов, актриса Альмира Тұрсын және Мадина Есаманова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев сынды тағы да басқа кино майталмандары қатысты.

Фестиваль шеңберінде Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі, Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі, Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетілді. Сонымен қатар кинофестиваль барысында қазылар алқасының назарына толық метражды 8 фильм және деректі жанрдағы 9 фильм ұсынылды. Фестиваль аясында конкурстан тыс 25 фильм көрсетілді.

Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Түркі елдерінің басын қосып, Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін ұйымдастырған Түркия Республикасының басшылығына және Мәдениет және туризм министріне, ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға қазақ елінің және кино майталмандарының атынан алғысын жеткізді.

«Қазақ пен Түрік халықтарының тарихи тамырластығы ғасырлар қойнауынан бастау алады, тіліміз бен мәдениетіміз жақын, құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ортақ. Тарихтың терең қойнауынан бастау алып бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мәңгілік бауырластық байланыстардың осындай жарқын үлгісі елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына, мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға сергек серпін беретіні күмәнсіз.
Біздің елімізде Қазақстан мен Түркияның кино өнері саласындағы байланыстар Елбасымыз Н. Назарбаевтың қолдауымен дамып келе жатыр. Дәлірек айтсақ,  1993 жылы түрік режиссері М.Әли Өзполаттың Ордабасыдағы құрылтайға және сол кезде түсіріліп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи» фильмін «Арман» киностудиясымен бірігіп шығаруға шақырылған болатын. Одан кейін де екі ел арасында Мемлекет басшыларының қолдауымен әр жылдары түрлі халықаралық кинофестивальдер мен киноапталықтары үнемі өткізіліп келеді.
Бүгінгі өтіп жатқан Korkut Ata Turkic World Film Festival халықаралық кинофестивалінде Қазақстан тарапынан ұсынылып жатқан кинотуындылар мен делегация өкілдерінің жоғары дәрежеде келіп қатысуы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның осы сала өкілдеріне үлкен қолдауы деп білеміз»,- деді Мәдениет және спорт министрі.