Санкт-Петербург қаласында ТМД-ның 30 жылдығына арналған жиын өтті

Санкт-Петербург қаласында ТМД-ның 30 жылдығына арналған жиын өтті

Нұрғиса Дәуешов қазіргі уақытта да ТМД бойынша өзінің қажеттілігі мен өзектілігін дәлелдейтін бірқатар ауқымды гуманитарлық жобалардың іске асырылып жатқанын айтты.

«Олардың қатарында мәдениетаралық диалогқа арналған дүниежүзілік форум, ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің жастар Дельфий ойындары, ТМД жастар симфониялық оркестрінің қойылымдары, ТМД елдері киносының ашық фестивалі, «Лістапад» Минск халықаралық кинофестивалі, Армениядағы «Алтын өрік» Халықаралық кинофестивалі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Опералия» халықаралық фестивалі сынды тағы да басқа жобалар бар.

«Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» мемлекетаралық бағдарламасының ашылуы аясында телевизиялық форматта поэтикалық кештер, көрмелер, «Шуақ шашқан, Шымқалам» мерекелік бағдарламасы, Shymkent Fest өнер фестивалі сонымен қатар ақындар, фотографтар, жас суретшілер арасында онлайн-конкурстар өткізілді.

«2022 жыл ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы» болып жарияланды, осы жоба шеңберінде 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған.

2022 жылы біздің еліміз ТМД-ға төрағалық ететінін атап өткім келеді. Төрағалық ету барысында бірқатар мәдени іс-шаралар, оның ішінде Достастық елдерінің Мәдениет және өнер қайраткерлерін біріктіретін кезекті ART EXPO халықаралық көрмесі жоспарланған.

«Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығы мен «Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығына үміткерлерді ұсыну бойынша белсенді ынтымақтастық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар әлемдегі болып жатқан эпидемиялық жағдайға қарамастан мәдениетаралық диалогтың маңызы артып, біздің өзара сыйластыққа негізделген достық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді.

Пандемия кезеңінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, спорт және туризм саласына көрсетілетін тұрақты қолдауды жалғастырды. Мәселен, Президент былтыр мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өңірлерде 35%, республика көлемінде 50% ға дейін арттыру туралы Заңға қол қойды.

Концерт ұйымдарының, театрлардың, киностудиялардың, музейлердің, музей-қорықтардың және кітапханалардың қорларын цифрлау жұмысының арқасында қазақстандықтарға үйде отырып онлайн режимде уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуге жағдай жасады. Еліміздің жетекші музейлері, кітапханалары, театрлары, концерт ұйымдары тақырыптық дәрістердің, семинарлардың, көрмелердің, концерттердің, спектакльдердің тегін интернет-трансляцияларын, отандық фильмдердің көрсетілімдерін, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша 3Д-турларды өткізді. Есту қабілеті нашар азаматтар үшін арнайы бейне-экскурсиялар ұйымдастырылды.

Танымал ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде мерекеленіп жатыр.

Мерекелер көрші бауырлас мемлекеттерде де өтеді. Осы жылдың тамыз айында Қырғызстанда айтыскер ақындар, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың қатысуымен Жамбыл мерейтойы аталып өтілді.

Қырғыз Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениеті күндері, Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының мәдениеті күндері өткізілді.

Бұл айтылған жұмыстарды пандемиядан соң жағдай тұрақтанғаннан кейін де жалғастыру қажет.

2025 жылға дейін мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен 100%-ға дейін қамту, мәдениет нысандарын салу және жөндеу, сапар-орталықтар салу, бірыңғай электрондық платформа құру сынды нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған»,- деді Нұрғиса Дәуешов.

Одан әрі Мәдениет және спорт вице-министрі ынтымақтастық бойынша бірқатар ұсыныстарды айтты.

«Қазақстан Республикасы ғылыми-реставрациялау жұмыстарын, сондай-ақ қолөнер ісін жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында осы саланың мамандары мен студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізуді ұсынады.

2019 жылы елімізде «Кинематография туралы» Заң күшіне енді. Аталған заң шеңберінде «Рибейт» жүйесі жұмыс істейді. Ол дегеніміз Қазақстан аумағындағы түсірілген шетелдік фильмдерге жұмсалған қаражаттың 30% кері қайтарылады. Сондай-ақ, Заңда 50 де 50 принципі бойынша кино жобаларды бірлесіп түсіру мүмкіндігі қарастырылған. Ресеймен (Шаман) және Франциямен (Инфинити) бірлескен киножобалар сәтті жүзеге асырылды. ТМД елдерінің кинематографистерін Қазақстанда өздерінің немесе бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз.

Сондай-ақ, ТМД елдерінің шығармашылық ұжымдарының өкілдерін келесі іс-шараларға:

- «Опералия» халықаралық фестивалі (2022 жыл);

- Елімізде өткізілетін халықаралық конкурстар мен фестивальдарда («Еуразия» халықаралық кинофестивалі, пианистердің, скрипкашылардың, вокалистердің халықаралық конкурстары»);

-2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Eurasianbook Fair халықаралық Еуразиялық кітап көрме-жәрмеңкесіне;

- Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауына (2023 жыл);

- Қазақ күресінің жылсайынғы халықаралық турниріне қатысуға шақырамыз»,- деп қорытындылады Нұрғиса Дәуешов.