Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Оскардың лонг-тізіміне енді

Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Оскардың лонг-тізіміне енді

Zerde Films (Қазақстан) компаниясының бастамасымен Short Brothers (Қазақстан) компаниясы, Ш.Айманова атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Arizona Productions (Франция) қатысуымен түсірілген Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем картинасы Қазақстан атынан «Үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Номинация бойынша 93 елден өтінім келіп түскен, бұл марапат тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Түрмеде жазасын өтеген бозбала Кермек қылмыстық топтың ықпалындағы туған қаласына оралады. Ева - Кермектің сүйіктісі. Бандиттердің қысымымен Ева жаман жолға түседі. Кермектің өзі қылмыстың батпағында жүргенімен, сүйіктісімен қосылып, кинотеатр салуды армандаудан жалықпайды. Ол бұл мақсатына кез-келген жолмен қол жеткізуді шешеді.

«Сары мысық» - режиссер Ержановтың 9-шы толықметражды көркем фильмі. Фильмнің түсірілімі өткен жылы Алматы облысында өтті. Бас продюсерлері Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев.

Фильмнің әлемдік премьерасы Венециядағы 77-ші Халықаралық кинофестивальде көрсетілген. Фильм ресейлік «Ника» кинопремиясына, сондай-ақ Asian Film Awards сыйлығының «Үздік қоюшы режиссер», «Үздік қоюшы оператор», «Үздік костюм суретшісі» санаттары бойынша ұсынылды.

Фильм Қытайдағы «Жібек Жолы» халықаралық кинофестивалінде «Сценарийдің өзіндік ерекшелігі үшін», Батумиде «Үздік режиссер үшін» және «Мәскеу премьера» фестивалінде «Кинотанушылардың сыйлығы», Verona International Film Festival мен Brugge International Film Festival халықаралық кинофестивалінде Best Narrative Feature Film жүлдесі, Стокгольмдегі Нope International Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» жүлделерімен марапатталды.

Сценарий авторлары - Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлер режиссердің бұрынғы серіктестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева, ко-продюсер француз әріптесі Гийом де Сиель. Ә.Ержановтың «Алаң иелері» және «Атбай шайқасы» фильмдерінде бірге жұмыс істеген Еркінбек Птыралиев фильмнің операторы болса, қоюшы-суретші – режиссердің бұрынғы серігі Ермек Өтегенов. Фильмнің музыкасын композитор Алим Заиров пен Иван Синцов жазған.

Фильмде Азамат Нығманов, Камилла Нұғманова, Санжар Мәди және басқа да актерлер ойнаған.

Еске сала кетейік, 94-ші «Оскар» жүлдесін тапсыру салтанаты 2022 жылдың 27 наурызында Лос-Анджелесте өтеді.