
Дубайда өтіп жатқан EXPO DUBAI көрмесінде Believe World Tour турының аясында, атақты опера әншісі, классикалық музыканың шебер орындаушысы Андреа Бочеллидің концерті өтті.
Ауқымды іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік артисі» құрметті атағының иегері, танымал скрипкашы, мәдениет қайраткері, ҚазҰӨУ-нің ректоры Айман Мұсақожаеваның жетекшілігімен Қазақ Мемлекеттік симфониялық оркестрі қатысты.
Жаhан жұртшылығын әсем дауысымен баурап алған танымал әнші Андреа Бочелли Қазақ Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Сонымен қатар EXPO DUBAI әлемдік көрмесі шеңберіндегі іс-шаралар аясында өткен ауқымды концертте Андреа Бочелли әлемдік опера майталмандарының танымал туындыларын және өзінің жаңа Believe альбомындағы әндерді орындады.
Әйгілі итальяндық тенордың Қазақстаннан келген симфониялық оркестрмен бірге ұсынған бұл қойылымы V халықаралық PaRus музыка фестивалінің басты мәдени оқиғаларының бірі болды. Сондай-ақ аты аңызға айналған итальяндық әнші мен отандық оркестрдің шығармашылық ұжымы талғампаз тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Біздің анықтама: Еліміздің жетекші музыкалық ұжымы саналатын Қазақ Мемлекеттік симфониялық оркестрі 1991 жылы, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған. Шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт құрамында өнер көрсетеді.