«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры болып Ғарифолла Есім тағайындалды

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры болып Ғарифолла Есім тағайындалды

1970 жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітіріп, сонда философия және саясаттану кафедрасында оқытушы болып орналасқан.

1978–1989 жылдары Семей педагогика институтында көркемсурет факультетінде декан, философия кафедрасының меңгерушісі, 1989–1991 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, 1991–2001 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіндегі философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының доценті, профессор, 1992–1998 жылдары көркемсурет факультетінің деканы, 1998–2001 жылдары философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазМУдің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметтерін атқарған. 2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болды.

«Хакім Абай» (1994), «Санадағы таңбалар» (1994), «Абайдың дүниетанымы мен философиясы» (1996), «Прошлое в настоящем» (2003), «Адам – зат», (2003) сияқты кітаптардың авторы.

Ғ.Есім –«Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбектері үшін» белгісімен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері.

Естеріңізге салсақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толуы күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ашылған болатын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының базасында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы болып қайта құрылып отыр.

Орталықтың мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін көшіру бойынша ведомствоаралық жұмыстарды үйлестіруді, орфографиялық ережелерін дайындау, оларды апробациядан өткізу, әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету және филология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу болып табылады.