Атырауда жаңа археологиялық нысан табылды

Атырауда жаңа археологиялық нысан табылды

«Сарайшық» музей-қорығы ғалымдары ғылыми экспедициялар нәтижесінде Сарайшықтан Еділ бойындағы Алтын Орда қалалары арасынан алғашқы Алтын Орда мекенін тапты. Алтынордалық мекенде белгілі ғалымдар т.ғ.д., профессор Ә,Мұқтар, жоба жетекшісі, т.ғ.д., профессор Ұ.Ахметова,  белгілі археологтар т.ғ.д., профессор М.Елеуов, т.ғ.д., профессор М.Қожа, т.ғ.к., М.Қасенов, PhD доктор А.Қасеналин, Сарайшық археологы А.Тұрарұлы және т.б болды. 

Археолог, профессор М. Елеуов: «Ескерткіш аумағын барлап, бақылап шықтық. Табылған жәдігерлермен таныстық. Менің ойымша, бұл жерде орта ғасырларда сауда керуен жолы бойындағы елді мекен болған деп есептеймін», археолог, профессор М.Қожа: «Ескерткіш мәдени қабаты барынша мазмұнды. Шашылған қыш ыдыс сынықтары біраз ақпараттар береді. Алғашқы әсерім, бұл ортағасырлық, мүмкін алтынордалық елді мекен деп санаймын. Сарайшық жәдігерлерімен бірдей, сәйкес келеді екен. Жаңадан анықталған өте тамаша археологиялық ескерткіш деуге болады», жоба жетекшісі, т.ғ.д., профессор Ұ.Ахметова: «Мекеннен Өзбек және Жәнібек ханның тиындары табылды. Мекен көлемі шамамен 4-5 гектардай», деген қорытынды жасады. Жаңа тарихи-мәдени мұра ескерткішінде зерттеулер болашақта жалғасады.  Нысан құжатталып, мемлекеттік қорғау тізіміне алуға ұсыныс берілетін болады.