Ортағасырлық Сарайшық қаласының ғимараттары жоспарға сай, қаз-қатар салынған

Ортағасырлық Сарайшық қаласының ғимараттары жоспарға сай, қаз-қатар салынған

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған «BR10164208 Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасын іске асыру барысында «Сарайшық» музей-қорығының археологтары жүргізіп жатқан қазба жұмыстары аяқталды.

Қазба орны жерленімдерден тазартылғаннан кейін, алтынордалық кезеңдегі үй бөлмелері ашылды. Бөлме қабырғалары ақ бормен сыланған, тандыр пешпен жылытылатын болған. Бөлмелер еденін тазалау барысында 35 дана күміс дирхем, мыс пұлдар, моншақтар және темір бұйымдар қалдықтары кездесті.

Қазба жұмысы нәтижесі ортағасырлық Сарайшық қаласы ғимараттарының алдын-ала ойластырылған жоспармен, түзу көшелі, қаз-қатар салынғанын байқатады. Бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы қала құрылыстары стихиялы түрде емес, астаналық қалалар секілді жоспарлы түрде өскенін көрсетіп отыр.