Ақтоты Райымқұлова Дәрежан Өмірбаевты Токио кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады

Ақтоты Райымқұлова Дәрежан Өмірбаевты Токио кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Дәрежан Өмірбаевты Токио кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады.

«Құрметті Дәрежан Қаражанұлы!
Сізді Жапонияда өткен әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдің бірі -  Tokyo International Film Festival-дің «Үздік режиссура» номинациясында жеңімпаз атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз германиялық жазушы Герман Гессенің «Шығармашылық кеш» желісі бойынша асқан шеберлікпен түсірген, қазақ тілі мен әдебиетінің өркендеуіне ерекше серпін беретін «Ақын» фильмі арқылы ел мерейін үстем еттіңіз.

«Ақын» фильмі Токио төрінде өткен 34-ші халықаралық кинофестивальде талапшыл қазылар алқасы мен талғампаз көрермен тарапынан ерекше құрметке ие болып, туынды арқылы режиссерлік шеберлігіңіз бен тағылымды тәжірибеңіздің жоғары дәрежеде екенін жаhан жұртшылығына тағы да дәлелдей білдіңіз.

Алдағы уақытта да ұтымды ойларыңыз бен тың туындыларыңыз әлемдік қауымдастық алдында зор құрметке ие болып, еселі еңбегіңіздің мәуелі болуына тілектеспін. Әрдайым осы жолда қолға алған бастамаларыңыз баянды болсын.

Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізге және еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып жүрген отандық кинотуындының түсірілім тобына сарқылмас қайрат пен таусылмас табыс тілеймін!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.