
Бүгін қазақстандық танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев Токио төрінде өткен 34-ші халықаралық кинофестивальде «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» аталымын жеңіп алды.
Айта кетейік, 1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Tokyo International Film Festival байқауы Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясының (FIAPF) тіркеуінен өткен, «А» санатындағы әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдердің бірі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі Дидар есімді мойындалмаған ақынның өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Шығармашылық кеш» атты әңгімесінің негізінде түсірілген.
Ақынның қиын да қызықты тағдыры туралы баяндалған кинокартина қазылар алқасы тарапынан ерекше бағаланды.
«Кинофестивальде қазылар алқасы осы аталымға Дәрежан Өмірбаев лайықты деп санады, себебі бізге фильмдегі режиссердің тек өзіне тән ерекше шеберлігі қатты ұнады»,- деді қазылар алқасының мүшесі Крис Фудживара
Өз кезегінде Дәрежан Өмірбаев «Ақын» фильмін жоғары деп санаған қазылар алқасы мен көрермендерге алғысын жеткізді.
«Бұл менің ғана емес, бүкіл түсірілім тобының, сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясының жеңісі. Осындай жүлделер тоқтамай жұмыс істеуге жігер береді», - деді кинорежиссёр.
Биыл бұл фестивальге қатысуға 113 елден 1533 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде фестивальдің басты байқауына 15 кинотуынды іріктеліп алынған, оның 10 фильмі алғаш рет көрермендерге ұсынылды. Халықаралық қазылар алқасын аты аңызға айналған француз актрисасы Изабель Юппер басқарады.
Айта кетейік, «Ақын» фильмінде басты рөлді «Жігіттер» тобының солисі Ердос Қанаев сомдаған. Сонымен қатар картинаның қоюшы операторы Борис Трошев, қоюшы суретшісі Александр Ророкин. Фильмнің продюсерлері – Юлия Ким және Ержан Ахметов.