
Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында Т.Айтқожанов атындағы І Республикалық «Бес қару» сахналық өнер фестивалі өз мәресіне жетті.
Іс-шара барысында Т.Айтқожанов атындағы І Республикалық «Бес қару» сахналық өнер фестиваліне Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтар мен қатысушылар салтанататты түрде қызыл кілем үстімен өтіп, бағдарламаға сай баспасөз конференциясына қатысты. Қонақтар театр фойесінде «Сазген» фольклорлық ансамблінің күмбірлеген күйін тыңдап, Т.Айтқожановқа арналған мұражай бұрышын, «Қару-жарақ» мұражай көрмесін тамашалады.
Фестивальға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев пен Алматы облысының Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Өр рух пен өнерді ұштастырып, Ұлы даланы қорғаған бес қаруды дәріптеген бұл фестивальде Б. Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театры (Талдықорған), Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры (Нұр-Сұлтан), Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы), Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры (Орал), Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры (Өскемен), Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (Өскемен), С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры (Жезқазған), С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры (Қарағанды), Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театры (Ақтөбе) сынды әр өңірден келген театр ұжымдары өнерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді.
Фестивалдің қорытындысына сай жеңімпаздар анықталды.
«БАС ЖҮЛДЕ» - Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры;
І орын - Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры;
ІІ орын - Шығыстың жалындаған жастары - Шығыс Қазақстан облысының Жастар драма театры;
ІІІ орын -Ұлытаудың ұландары - С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры иеленді.
Айта кетейік, сахналық өнер фестивалінің қоюшы режиссерлері: Дина Жұмабай және хореограф- каскадёр Дәурен Қадыров.