
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеевпен кездесті.
Кездесу барысында бауырлас екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық, спорт, туризм бағыты бойынша түрлі ұсыныстар айтылды.
Ақтоты Райымқұлова екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайту мен дамыту тұрғысында бірлесіп іс-шаралар өткізуге дайын екендігін, әріптестік қызметтің барлық деңгейінде қарым-қатынастың қолдау табатынын жеткізді. Сонымен қатар Дастан Дюшекеевті Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Біздің анықтама: Дастан Дюшекеев Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне 2021 жылы тамыз айында тағайындалған.
«Қазақстан мен Қырғызстан арасында мәдениет саласында берік өзара қарым-қатынас орнаған. Бұған дәлел ретінде Қазақстанның Қырғызстандағы мәдениет күндерін өткізу біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды. Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы мәдениет күндері жоғары деңгейде үлкен ауқымда өтті. Осы іс-шараларды өткізу бауырлас елдер арасындағы көпғасырлық достықты одан әрі нығайтатып, жаңа бастамаларға мұрындық болатындығына кәміл сенімдімін.
Өздеріңіз білетіндей, біздің елдеріміз арасында Бішкекте Абай ескерткішін ал Нұр-Сұлтанда Манас ескерткішін орнату жоспарланған болатын. Бұл мәселе ағымдағы жылдың наурыз айындағы біздің президенттеріміздің екіжақты кездесуінде де айтылған болатын»,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Біздің анықтама: Қазақстанның Қырғызстандағы мәдениет күндері 2021 жылдың 7-8 қазан аралығында өтті. Іс-шараға 350-ден астам танымал қазақстандық артистер, шығармашылық интеллигенция өкілдері және 10-нан астам жетекші шығармашылық ұжымдар қатысты.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова киноиндустрия бойынша бірқатар ұсыныстар жөнінде сөз қозғады.
«Еліміздегі киноиндустрия жөніндегі заңнамада шетелдік заңды тұлғаларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде субсидия беру мүмкіндігі ойластырылған. 2019 жылы елімізде «Кинематография туралы» Заң күшіне енді. Заң шеңберінде «Рибейт» жүйесі жұмыс істейді. Ол дегеніміз Қазақстан аумағындағы түсірілген шетелдік фильмдерге жұмсалған қаражаттың 30% кері қайтарылады. Сондай-ақ, Заңда 50 де 50 принципі бойынша кино жобаларды бірлесіп түсіру мүмкіндігі қарастырылған. Осыған орай, біз қырғыз кинематографистеріне бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамыз.
Сондай-ақ Сізді және Қырғызстан өкілдерін 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Eurasian Book Fair Еуразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысуға шақырамыз.
Сонымен қатар екі ел арасында спорт саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Мәселен осы жылдың наурыз айында Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында, біздің министрліктер арасында ұлттық спорт түрлері мен халықаралық ойындарды дамыту туралы келісімге қол қойылды. Осыған орай қырғыз спортшыларын қазақ күресінен жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық турнирге қатысуға және Қазақстан аумағында ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін жарыстарға қатысуға шақырамыз»,- деді Мәдениет және спорт министрі.
Өз кезегінде Дастан Дюшекеев екі ел арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе мәдениет саласындағы дипломатиялық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін айтып, бірқатар жобаларды ұсынды.