Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған NEWАРТ фестивалі өтті

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған NEWАРТ фестивалі өтті

Бүгін, 3 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған NewАрт фестивалінің жабылу рәсімі өтті.

Жобаның мақсаты - ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті шығармашылық кеңістік құру, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, таланттарын дамытуға, инклюзивтік қоғамда балаларды түсіністік, төзімділік рухында тәуелсіз өмірге дайындауға ықпал ету.

Февтиваль 1 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулет құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы, Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі - Бәйтерек монументінде 40-қа жуық ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сурет және қолөнер көрмесінен басталды. 2-3 қарашада Оқушылар сарайында «Өзіңді жырлаймыз, туған ел» атты музыкалық-поэтикалық марафонмен жалғасты.  Ал 1-3 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласы Art Tumar сәндік-қолданбалы өнер орталығында балаларды сәндік-қолданбалы және қолөнерге оқыту шеберлік сағаттары өтті.

Фестивальға Ақмола облысы, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласынан 70-тен астам ерекше білім беруді қажет ететін бала қатысты. Фестивалдің жабылу салтанаты балаларға Red Bus туристік автобусымен Нұр-Сұлтан қаласына экскурсия жүргізумен және Байтерек монументінде естелік суреттерге түсумен аяқталды. Сонымен қатар іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, суретші-динайнерлер мен өнертанушы, қолөнершілер қатысты.