
Биыл мәдениет пен өнер саласы өкілдері үшін мерейлі, мерекелер жыл болды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында республикамызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Шымкент қаласында Наурыз мерекесі және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері», «Наурыз, гүл көктем, жыл басы», Алматы облысында «Төгейін жырды халқыма» атты республикалық ақындар айтысының ұйымдастырылуы жас ақындардың шеберлігі мен қарым-қабілетін шыңдап қана қоймай, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Жалпы 9 ақындар айтысы өткізілді.
Ақтөбе облысында «Едіге деген – ер екен» республикалық жыршылар байқауы өтті. Жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілердің шығармашылығына арналған 5 конкурс ұйымдастырылды.
Өскелең жас ұрпақтың шығармашылығының қалыптасуы мен өнер жолында жетістіктерге жетуіне мәдениет пен өнер саласындағы қайраткер тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы өмірде де, өнерде де жол бастар бағдаршам болатыны анық.
Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мұқағалидың мәңгілік бейнесі» атты халықаралық пленэріне 20 кәсіби суретші қатысып, өзара шеберлік, тәжірибе алмасты. Суретшілерге арналған 3 пленэр, әдеби оқу бойынша 6 мүшәйра мен фестиваль өткізілді.
Қазақстанның Халық әртісі, күйші Р.Ғабдиевтің 85 жылдығына арналған «Күй қағаны» атты ІІ республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Жалпы 3 конкурс өтті.
Әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» республикалық әншілер байқауы өткізілді.
Ақтау қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәу етерім – Тәуелсіздік» ақындар айтысы өтті. Сайысқа барлық облыстан 18 айтыскер қатысып, бас жүлдені Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина иеленді. Ал ірінші орынды Маңғыстау облысының жас ақыны Арғынбек Қалбаев алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 4 шілдеде Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн форматта мерекелік концерт өтті. Концерт Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Осы дәстүрдің жалғасы Qazaqstan телеарнасынан көрерменге жол тартқан «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» концертінің түсірілімі болды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Ұлттық домбыра күнінде республикамыздың 17 өңірінен келген 30 домбырашы күй шашу арнады.
Елімізде ұлттық би өнерін дамыту, насихаттау мақсатында 2 онлайн-конкурс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Тобыл толқындары» атты хореографиялық ұжымдардың өңірлік онлайн ұлттық би конкурсы, хореография өнерінің «Наурыз достарын шақырады» ІІ халықаралық онлайн фестивалі өткізілді.
Өнер фестивальдары, онлайн конкурстар, форумдар, ғылыми конференциялар т.б. іс-шаралар атқарылды.
4-11 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық конкурс өтті. Жас таланттарды анықтау үшін ұйымдастырылған конкурстың мақсаты – көрермендер мен тыңдармандарды опера өнерінің құндылықтарымен қуанту.
Аталған жұмыстың бәрі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Nur Otan партиясының Жол картасы бағдарламасы аясында атқарылды.