«Сарайшық» музей қорығы республика археологтарының қатысуымен семинар ұйымдастырды

«Сарайшық» музей қорығы республика археологтарының қатысуымен семинар ұйымдастырды

28 қазанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қазақстанның батыс өңіріндегі Алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» ғылыми жобасы аясында ортағасырлық Сарайшық ескерткішінен 20 шақырым қашықтықта, жаңадан анықталған археологиялық ескерткіш орнында еліміздің белді археологтарының қатысуымен «Ұлық Ұлыс керуен жолдары: Сарайшықтан Еділ бойындағы Сарайларға дейін» атты дала семинары өтті.

Бүгінге дейін далалық экспедициялар нәтижесінде 200х200 ш.метр жерден ортағасырылық қыш құмыралар сынықтары, шығырлар, жүзіктер, қола айнаның сынығы Ұлық Ұлыстық Өзбек хан тұсындағы 1 күміс дирхем, Өзбек және Жәнібек хандар тұсындағы 15 мыс пұлдар және сармат дәуірінің жебесі табылды.

Семинарға ғылыми жоба жетекшісі т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова, «Сарайшық» музей-қорығы директоры, т.ғ.д., профессор Әбілсейіт Мұқтар, Қазақстандағы керуен жолдары мен керуен-сарайлар бойынша маман, археолог, т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов (Алматы қ.,), археолог, т.ғ.к., профессор Амантай Исин (Семей қ.,) археолог, т.ғ.д., профессор Мұқтар Қожа (Түркістан қ.,), археолог, т.ғ.к., Марат Касенов (Атырау қ.), археолог, PhD докторы Айбар Қасеналин (Нұр-Сұлтан қ.), археолог, докторант Сырым Есен (Нұр-Сұлтан қ.), Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев, «Сарайшық» музей-қорығының археологтары Айбек Тұрарұлы, Амангелді Жұмабаев, Жүніс Байғалиев және БАҚ өкілдері қатысты.

Дала семинары нәтижесінде еліміздің белді археологтары жаңадан анықталған тарихи ескерткіштің маңызы өте зор екенін, бұл жерде ортағасырлық ірі елді мекеннің ізі бар екенін мақұлдады. Шамамен 4 га жерді қамтитын жаңа ескерткіштің атауын топонимикалық заңдылық бойынша Ащысай мекені деп атау жөн екенін атап көрсетті және ескерткіштің құжаттарын жасақтап, мемлекеттік қорғауға алынған тарихи-мәдени мұра нысандары қатарына қосу маңызды деп есептейді.

Сонымен бірге 2022 жылы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау қажеттігін атап өтті.