Қазақстан бокстан әлем чемпионаттарындағы медаль санын 51-ге жеткізді

Қазақстан бокстан әлем чемпионаттарындағы медаль санын 51-ге жеткізді

Түнде Белград қаласында (Сербия) өтіп жатқан бокстан XXI әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан былғары қолғап шеберлері белгілі болды. Рингке шыққан он боксшымыздың бесеуі жарысты аяқтаса, бесеуі жүлдегер атанып отыр. Яғни, Теміртас Жүсіпов (48 кг дейін), Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Абылайхан Жүсіповтің (64 кг дейін) еншісінде кем дегенде қола жүлде бар. Осылайша, 1993 жылдан бері егемен ел ретінде қатысып жатқан Қазақстан құрамасының бокстан 15 әлем чемпионатында жеңіп алған жүлде саны 51-ге жетті. Оның 12-сі алтын, 13-і күміс, 21-і қола және Сербиядағы 5 медаль.

Қазақстан барлық жүлде саны бойынша кеше 4 боксшысы жартылай финалға шыққан АҚШ-тан озып, үшінші орынға көтерілді. Осыған дейін екі ел 46 медальмен бірдей келе жатқан. Ал бізбен бірге бес боксшысы жартылай финалға шыққан Куба мен Ресей алда тұр. Енді «бостандық аралы» өкілдерінде 143 (138+5), теріскейдегі көршімізде 74 (69+5) медаль.

Алтын медаль көрсеткіші бойынша Қазақстан бесінші сатыда. Бірінші – Куба (77), екінші – Ресей (26), үшінші – АҚШ (16), төртінші – Кеңес одағының құрамасы (15).

Жартылай финалдағы боксшыларымыздың қарсыластары:

Теміртас Жүсіпов – Йохани Кармельчук (Беларусь). Жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен 18-00-де басталады.

Сабырхан Махмұд – Акаш Кумар (Үндістан). Уақыты 18:20-18:30.

Абылайхан Жүсіпов – Севонретс Оказава (Жапония). Шамамен 19:15-19:30 аралығында.

Сәкен Бибосынов – Занарат Саенджфет (Таиланд). Уақыты 23:15.

Серік Теміржанов – Освель Давид Кабальеро Гарсия (Куба). Шамамен 23:35-23:45 аралығында.

Айта кетейік, Белградтағы бәсекеде кей мемлекеттер бокстан әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесіне ие болып жатыр. Кеше Сербия, Албания, Шотландия, Бельгия, Тринидад және Тобаго боксшысы бірінші рет жартылай финалда бақ сынауға мүмкіндік алды.

Жалпы қазақстандық боксшылардың әлем чемпионаттарындағы нәтижесімен мына материалда таныса аласыз.