
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Оман Сұлтандығының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахранимен кездесті.
Екі тарап арасында достық пен ынтымақтастық туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық саладағы бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ақтоты Райымқұлова Елшіге алғысын айтып, әлемде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, тараптар Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығының арасындағы, оның ішінде туризм және мәдениет саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту және нығайту бағытында нақты қадамдар жасауға қол жеткізілетініне сенім білдірді.
Біздің анықтама: Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 27 сәуірде орнатылды. 2006 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында Оман Елшілігі жұмыс істеп келеді. 2020 жылдың наурыз айынан бастап Оман Сұлтандығының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі кызметін Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахрани атқарып келеді.
«Мәдени-гуманитарлық бағыттар мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз. Ұлттық академиялық кітапханамыз Оман Сұлтандығының Елшілігімен белсенді ынтымақтастық орнатып, бірқатар жобаларды атқарып жатқанын атап өткім келеді. Осы орайда мәдениет және туризмнің басқа да салаларында байланысты арттыру мақсатында Оманның мәдениет қайраткерлерін, шығармашылық ұжымдарын елімізде өткізілетін «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне және пианистер, скрипкашылар, вокалистер және басқа да халықаралық фестивальдерге қатысуға шақырамын»,- деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Оманның тарихи және мәдени ескерткіштерге реставрациялау жұмыстарын жүргізу саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытып, осы бағытта тәжірибе алмасуға ұсыныс жасады.
Айта кетейік, Оман Сұлтандығының 5 тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұра тізіміне енген.
Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова екі мемлекеттің тарихында жинақталған ақпарат және мұрағат көздерін алмасу, Қазақстан мен Оманның тиісті мемлекеттік органдары арасында мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық туралы бұдан әрі мазмұнды келісім жасасу мәселесін қарастыра отырып, Оман Сұлтандығымен бірқатар жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін айтты.
Оман Сұлтандығының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахрани өз кезегінде екі ел арасындағы мәдениет, туризм және спорт саласын барынша нығайтуға септігін тигізетін мүмкіндіктерді пайдаланудың маңызды екенін айтып, бірқатар жобаларды ұсынды.