Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейлер түні» акциясы өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейлер түні» акциясы өтті

Биылғы «Музейлер түні» акциясының бағдарламасында «ARTPUZZLE»  –  келушілер арасында  командалық  ойын; «Өзіңді суретші сезін...»  – суретшілердің қатысуымен өтетін перфоманс; «ҚАЗАҚСТАН ЗАМАНАУИ ӨНЕРІНІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАР» – танымдық лекциялар циклы; Реставрациялық жұмыстар бойынша мастер-кластар; «Музей жұмбағы», «Тарих сыры»,  «Музей түнінің білгірі» сынды ойындар мен викториналар; «Шеңбер», «Бәйге», «Асық ату» т.б қазақтың ұлттық ойындары; Бетперделер мен костюмдер дефилесі; «Сенің бейнең...» – портрет салу бойынша мастер-класс және «Домбыра думан» (Домбыра пати) сынды шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар келушілерге Ұлттық музейдің барлық залдары бойынша тақырыптық және шолу экскурсиялары жүргізіліп, түрлі мәдени-танымдық шаралар көрсетілді. Музей қорындағы деректі фильмдер, видео лекциялар мен  перфоманстар да музей қонақтарының назарына ұсынылды.

ҚР Ұлттық музейі директорының м. а. Л. Кочетов өзінің алғы сөзінде: «Бұл шара Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Астана – орындалған арман, адам қиялының жүзеге асқан теңдессіз туындысы. Астана – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Музей кез келген елдің тарихи жадын жаңғыртушы қастерлі орын. Ол ұрпақтар арасын жалғап, халыққа рух беретін киелі орда. Қазіргі таңда «Музейлер түні» акциясын өткізу әлемнің 70-тен астам елінде дәстүрге айналған. Бұл акция арқылы әлем халқы музей мен оның жәдігерлерін жаңаша көруге мүмкіндік алады» деп өз пікірін білдірді.

Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.

«Музейлер түні» акциясына астаналықтар мен қала қонақтарының қызығушылығы ерекше. Ұлттық музей «Музейлер түні» акциясын осыған дейін 4 мәрте ұйымдастырды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет ұйымдастырылды. Оның алғашқысы наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген атаумен өтсе, екіншісі, Халықаралық музейлер күніне арналды.