
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирджан екі ел арасындағы мәдениетті нығайту мақсатында кездесу өткізді.
Кездесуде Ержан Еркінбаев Ахмет Мисбах Демирджанға алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, сондай-ақ оны түрік кино апталығының ашылуымен құттықтап, аталған іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Біздің анықтама: 28-31 қазан аралығында Алматы қаласында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің және Алматыдағы Түркия Республикасы Бас Консулдығының қолдауымен түрік киносының бесінші апталығы өтіп жатыр.
Сонымен қатар кездесуде көршілес елдер арасындағы берік көпір саналатын мәдениет саласында іске асырылатын бірқатар жобалар жайы айтылды, бірінші кезекте тұрған іс-шараларды іске асыру мәселелері қозғалды.
«Қараша айында Стамбул қаласында Қазақстан өкілдерінің қатысуымен «Қорқыт Ата» түркі әлемі фильмдерінің фестивалі өтеді», - деді Ержан Еркінбаев.
Фестиваль ұйымдастырушылары С.Нарымбетовтың «Аманат», Р.Әбдірашовтың «Қазақ хандығы: Алтын тақ», А.Әбілдинов «Күлтегін» анимациялық фильмі, Б.Елубай «Оазис», және А.Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» сынды қазақстандық фильмдерді іріктеп алды.
Сондай-ақ Ержан Еркінбаев Түркияның мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарын «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне және пианистер, скрипкашылар, вокалистер және басқа да халықаралық фестивальдерге қатысуға шақырды.
Ержан Еркінбаев пандемияға байланысты әлемде болып жатқан жағдайға қарамастан, екі ел арасында туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және нығайтуда жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар жөнінде айтты.
Пандемияға дейін орта есеппен Қазақстанның 300 мыңға жуық азаматы Түркияға, ал Түркияның 100 мыңға жуық азаматы Қазақстанға келген. Сонымен қатар бүгінде Түркияның Стамбул, Анаталя және Бодрум қалаларына Air Astana, Fly Arystan, SCAT, Turkish Airlines, Pegasus, Corendon сынды авиакомпаниялары аптасына 58 рет қатынайды.
«Біздің елдеріміздің ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағытының бірі ол инвестиция саласы. Елімізде «Sembol Construction» түрік компаниясының қатысуымен биыл «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені пайдалануға беріліп, өткен жылы Каспий теңізінің жағалауында «Aktau Resort Hotel» қонақ үй-туристік кешені ашылды. Осы тұрғыда қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік кластерлер құруда табысты тәжірибесі бар тиісті инвесторларды қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр.
Мәселен, инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту үшін Қазақстанда заңнамалық деңгейде туроператорларға әрбір шетелдік турист үшін субсидиялау мен туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде преференциялар беру, сондай-ақ тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу және туристік объектілерді салу бойынша жеке бизнестің шығындарын өтеу сияқты шаралар қарастырылды», - деді Ержан Еркінбаев.
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмед Мисбах Демиржан өз кезегінде екі ел арасындағы туризм саласын барынша нығайтуға септігін тигізетін мүмкіндіктерді пайдаланудың маңызды екенін айтып, бірқатар жобаларды ұсынды.
Кездесу соңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирджан Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдениет және туризмді дамыту бағытыда серіктестікке серпін қосатын, жемісті өзара байланыстар үшін қажетті материалдармен тәжірибе алмасуға уағдаласты.