
Бұл естелік-белгісі Корея Республикасы тарапынан 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Қазақстанда тұңғыш рет қойылғалы тұрған естелік-белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл шараны Алматы қаласында 2018 жылдың 1 маусымы күні Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағы экономиканы дамыту ұйымының ұйымдастыруымен өтетін «Ұлы Жібек жолы және солтүстік бағыттағы әріптестік» атты Халықаралық форумның салтанатты жалғасы деуге болады.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас Консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Жо Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил, Кенбук университетінің профессоры Пак Чон Су, Кенхи университетінің профессоры Кан Инук, Зунан университетінің оқытушысы Зон Инпен, Кемен университетінің оқытушысы Со Зон Су және Сыртқы саясат институты қызметкері Мин Зи Ен шетелдік делегация өкілдері қатысты.
Ұлы жібек жолы адамзаттың экономикалық тұрғыдан ғана емес, ең бастысы мәдени қарым-қатынас тұрғысынан да бір-бірімен араласуына зор ықпал жасады. Халықаралық сауда және дипломатия жолы ретінде қызмет еткен бұл сауда жолы сондай-ақ мәдениеттің таралуына, өркениеттің дамуына және қалалар мен елді мекендердің өрлеуіне тиімді ықпал етіп отырған.
«Бүгінгі естелік-белгі ашылып отырған «Есік» қорық-музейінің аумағы да ежелгі Жібек жолы өтетін аумаққа жатады. Тек «Есік» қорық-музейінің ғана емес жалпы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты көптеген қорық-музейлер орналасқан аумақтар да осынау ежелгі Ұлы экономикалық, мәдени-рухани һәм дипломатиялық жолдың бойында орналасқан. Сіздерді елімізде тұңғыш рет іске асқалы отырған осындай айтулы шараның алғашқы куәгерлерінің бірі болуға шақырамыз» деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Корея Республикасы, Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен бұл күннің ерекше екендігін, осыдан мыңдаған жылдар бұрын негізі салынған «Жібек жолын» бүгінде жаңаша жаңғырту бақыты бұйырғандығын жеткізді.
«Дәл осы жерде Силла патшалығының тарихи-мәдени мұралары мен осындағы тарихи-мәдени мұралардың өте қатты ұқсас екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан да мен бүгін «Алтын адамның» бір мүсіні мен көшірмесін арнайы тапсырыспен жасатып Силлаға апарып қоямын деп шештім. Корея Республикасының жаңа Президенті жақын арада «Жаңа солтүстік саясат» атты жоба ұсынды. Осы арада солтүстік бағыт бойынша жұмыс жасайтын комитет басшылары да қатысып отыр. Яғни, екі ел арасында әсіресе, Силла мен Есік мәдениеттері арасында болашақта біріге отырып атқаратын зерттеу жұмытары көп деп білемін және атақарамыз деп сенемін» деп атап өтті ол.
Іс-шара барысында құрметті қонақтар «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдарымен, «Есік» қорық-музейі мен Оңтүстік Корея ғылыми мекемелері арасындағы қарым-қатынастарға арналған фотокөрмемен танысты. Оған қоса Жібек жолы бойындағы осындай ерекше белгілердің мәні мен маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндалып, Кэменг университетінің таэквондо командасының, «Арқайым» этно-фольк-тобы мен «Торпи» көркемөнер тобы сынды екі елдің ұлттық дәстүрдегі ән-күй өнері өкілдерінің шеберлігін дүйім жұртқа паш етті.
