Қазақстандық боксшылардың әлем чемпионаттарындағы нәтижесі қандай?

Қазақстандық боксшылардың әлем чемпионаттарындағы нәтижесі қандай?

Бұл күндері Сербия астанасы Белградта ерлер арасындағы XXI әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әр бәсеке сайын салмақ санын азайтып келе жатқан АИБА осы жолы алғаш рет 13 салмақта жүлдегерлерді анықтайды. Бұған дейін Мюнхеннен бастап Белфасттағы чемпионатқа дейін үздіксіз 12 салмақтың өкілдері жиналған-ды. Жалпы әлем чемпионаттарында қазақстандық боксшылардың көрсеткен нәтижесі қандай? Назарларыңызға кезекті шолуды ұсынамыз.

Ерлер арасындағы былғары қолғап шеберлерінің әлемдік бәсекесі алғаш рет 1974 жылы Куба астанасы Гаванада өткен. Ал әйелдердікі 2001 жылдан бастау алады. Екі чемпионат екі жылда бір рет өткізіледі. 1989 жылдан бастап ерлер чемпионаты әр тақ жыл сайын өткізілсе (оған дейін 4 жылда бір рет өтетін), әйелдер арасында 2006-дан 2018-ге дейін жұп жылдары өтті. Енді 2019 жылдан бері тақ жылға ауысты.

Екінші әлем чемпионаты 1978 жылы сол кездегі Югославия астанасы Белградта 6-20 мамыр аралығында ұйымдастырылды. Кеңес Одағы құрамасы қатарында сынға түскен қазақстандық Валерий Рачков 67 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған.

Келесі, 1982 жылы Мюнхенде өткен бәсекеде тағы да 67 келіге дейінгі салмақта отандасымыз жүлде жеңіп алды. Финалда Серік Қонақбаев америкалық Марк Энтони Бреландқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.

Бұдан бөлек, 1989 жылы Мәскеуде өткен чемпионатта Қазақстан тумасы күміс медальге ие болды. Александр Мирошниченко 91 келіден жоғары салмақта кубалық Роберто Баладо Мендеске ғана жол беріп, тұғыр биігінің екінші сатысына көтерілген.

1991 жылы Сиднейдегі (Австралия) алтыншы әлем чемпионаты Кеңес Одағы құрамасы үшін бокстан соңғы бәсеке-тін.

1993 жылы Қазақстан егемен ел ретінде алғаш рет былғары қолғап шеберлерін әлем чемпионатына аттандырды. Финляндияның Тампере қаласында 7-16 мамыр аралығында өткен жетінші додада Қазақстан құрамасы бір қола медальмен жалпы есепте 15-орын алды. 19 жастағы Василий Жиров 75 келіге дейінгі салмақта Нидерланды өкілі Раймонд Джовалмен бірге үздік үштікті түйіндеген.

Берлинде (1995 жылы) жалауы желбіреген сегізінші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі медальмен (бір күміс пен бір қола) жүлде алған 18 елдің ішінде 9-орынға тұрақтады. Болат Жұмаділов (51 кг дейін) күміс алса, бұл жолы 81 келіге дейінгі салмаққа ауысқан Василий Жиров екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталады.

Араға екі жалып (1997 жылы) Будапешт қаласында Қазақстан былғары қолғап шеберлері Берлиндегі нәтижені қайталап (бір күміс пен бір қола), Франциямен бірге 7-орынды бөлісті. Ғұн елінің бас қаласында Болат Жұмаділов (51 кг дейін) қола, Ермахан Ыбрайымов (71 кг дейін) күміс медаль иеленді.

АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы Х әлем чемпионаты қазақстандық шаршы алаң шеберлері үшін сәтті аяқталды деуге болады. Осыған дейін күміс пен қола алған Болат Жұмаділов 51 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ал аса ауыр салмақта Мұхтархан Ділдәбеков түркиялық Синан Самил Сэмнен ұтылып, күміс медаль алды. Екі жыл бұрын Венгрия астанасында финалға шыққан Ермахан Ыбрайымов (71 кг дейін) үштікті түйіндеді. Үш жүлденің арқасында ұлттық құрама бесінші орынға жайғасты.

Өкінішке қарай, Солтүстік Ирландия астанасы Белфастте өткен жаңа ғасырдағы алғашқы чемпионатта Қазақстан жалғыз жүлдені қанағат тұтты. Галиб Джафаров (57 кг дейін) еншілеген күмістің арқасында Ұлттық құрама жалпы есепте 11-сатыдан көрінді.

Қазақстан құрамасы 2003 жылы Азия құрлығы қабылдаған алғашқы әлем чемпионатында Галиб Джафаров (57 кг дейін) пен Геннадий Головкиннің (75 кг дейін) алтынының арқасында жалпы есепте үштікті түйіндеді. Бір қызығы, Галиб финалда Павлодар облысының тумасы – Германия құрамасы қатарында өнер көрсететін Виталий Тайбертті тізе бүктіріпті. Жалпы Таиланд астанасы Бангкокте 21 елдің былғары қолғап шеберлері медаль алды.

Ал 2005 жылы күзде Қытайдың Мяньян қаласында АИБА ұйымдастырған жаһан біріншілігінде қазақстандық боксшылар командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Серік Сәпиев (64 кг дейін) пен Ердос Жаңабергенов (81 кг дейін) қарсылас шақ келтірмесе, Біржан Жақыпов (48 кг дейін), Мират Сәрсембаев (51 кг дейін), Бақтияр Артаев (69 кг дейін) қола медаль алды.

АИБА тарихындағы ең ірі әлем чемпионаты саналатын 2007 жылы Чикагодағы додада Қазақстан Англиямен бірге бесінші орынды бөлісті. Серік Сәпиев (64 кг дейін) екі дүркін әлем чемпионы болса, Бақтияр Артаев та екінші рет қола жүлдегер атанды. Тағы бір қола жүлдені Еркебұлан Шыналиев (81 кг дейін) алып келді.

Италияның Милан қаласында өткен 15-ші Әлем чемпионатында Қазақстан алдыңғы көрсеткіштерін қайталай алған жоқ. Апенин түбегінде жалғыз медальді Серік Сәпиев еншілеп, команда 14-сатыдан көрінді.

2011 жылы Әзірбайжан қабылдаған бәсекеде де боксшылар әнұранымызды шырқата алған жоқ. Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов финалда қарсыластың мықты екенін мойындаса, Ғани Жайлауов пен Иван Дычко үшінші орын алды. Нәтижесінде он салмақтың тоғызында спортшы апарған Қазақстан құрамасы жүлде алған 22 елдің ішінде 7-орынға жайғасты.

2013 жылғы әлем чемпионаты қазақ боксының тарихынан ойып тұрып орны алғаны сөзсіз. Алматыдағы «Балуан Шолақ» атындағы сарайда Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы топ жарды. Ақтық сында айқасқан Әділбек Ниязымбетов пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко күміске ие болса, Қайрат Ералиев пен Берік Әбдрахманов үштікті түйіндеді. Қазақстан өзгелерден қара үзіп, жалпы есепте бірінші орын алды.

Рио Олимпиадасына іріктеу турнирі саналған Катар астанасы Дохадағы чемпионатта финалға шыққан екі боксшымыз – Данияр Елеусінов пен Иван Дычко қарсыласынан ұтылып қалды. Жалпы құрама қатарында 8 былғары қолғап шебері сынға түсті. Сондай-ақ Дохада Өзбекстан құрамасындағы этникалық қазақ Елнұр Абдураимов (60 кг дейін) қола жүлдегер болды.

Германияның Гамбург қаласында жалауы желбіреген кезекті додада Қазақстан 6 медальмен Куба мен Өзбекстаннан кейін үшінші орын алды. Алтын үшін таласта Қайрат Ералиевтің (56 кг дейін) ғана мерейі үстем түссе, Әбілхан Аманқұл (75 кг дейін) мен Қамшыбек Қоңқабаевтың (91 кг жоғары) жолы болмады. Ал Ержан Жомарт (49 кг дейін), Абылайхан Жүсіпов (69 кг дейін), Василий Левит (91 кг дейін) қола медаль иеленді. Әлем чемпионатында 35 төрешінің арасында қазақстандық Ермек Сүйеніш те қызмет етті.

Осыған дейінгі Екатеринбургте (Ресей) ұйымдастырылған Әлем чемпионатында ел құрамасы 6 жүлдемен үздік үштікті түйіндеген-ді. Жалғыз алтынға Бекзат Нұрдәулетов (81 кг дейін) қол жеткізсе, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев күміспен шектелді. Сәкен Бибосынов (52 кг дейін), Абылайхан Жүсіпов (69 кг дейін), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг дейін), Василий Левит (91 кг дейін) өз салмағында үшінші орынға тұрақтады. Төрешілердің арасында қазақстандық Әлішер Алтаев қызмет етті.

Енді медаль алған құрамалар рейтингіне көз жүгіртсек:

1. Куба – 77 алтын, 35 күміс, 26 қола.

2. Ресей – 26 алтын, 21 күміс, 22 қола.

3. АҚШ – 16 алтын, 11 күміс, 19 қола.

4. Кеңес Одағының құрамасы – 15 алтын, 11 күміс, 17 қола.

5. Қазақстан – 12 алтын, 13 күміс, 21 қола.

6. Өзбекстан – 9 алтын, 14 күміс, 18 қола.

7. Болгария – 8 алтын, 8 күміс, 19 қола.

8. Румыния – 7 алтын, 5 күміс, 17 қола.

9. Украина – 6 алтын, 12 күміс, 11 қола.

Жоғарыды жеке-жеке тоқталып өткен әлем чемпионаттарында ең көп жүлде алған былғары қолғап шеберіміз Серік Сәпиев (4 медаль). Лондон Олимпиадасының жеңімпазы әлем чемпионатында екі рет топ жарған тұңғыш қазақстандық боксшы. Сонымен қоса еншісінде тағы бір күміс пен қола бар. Серік Сәпиевтен кейін 3 медаль жеңіп алған қос шаршы алаң шеберіміз тұр. Олар – қазақ боксшылары арасынан шыққан бірінші әлем чемпионы Болат Жұмаділов (бір алтын, бір күміс пен бір қола) пен Иван Дычко (екі күміс пен бір қола медаль).

Сонымен қатар 11 боксшымыз екі медаль иеленген. Олар – Галиб Джафаров (бір алтын, бір күміс), Данияр Елеусінов (бір алтын, бір қола), Біржан Жақыпов (бір алтын, бір қола), Қайрат Ералиев (бір алтын, бір қола), Әділбек Ниязымбетов (екі күміс), Қамшыбек Қоңқабаев (екі күміс), Василий Жиров (бір күміс, бір қола), Ермахан Ибраимов (бір күміс, бір қола). Бақтияр Артаев, Абылайхан Жүсіпов пен Василий Левит екі рет қола жүлдегер атанған. Бұл қатарда өз статистикасын Белградта өнер көрсетіп жатқан Абылайхан Жүсіпов қана өзгерте алады.