Дубай EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның туризм күндері өтті

Дубай EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның туризм күндері өтті

24-28 қазан аралығында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы EXPO 2020  Dubai дүниежүзілік көрмесіндегі ұлттық павильонда Қазақстанның туризм күндерін ұйымдастырды. Сонымен қатар мұнда бірқатар іскерлік кездесулер мен мәдени шаралар  өткізілді.

Қазақстанның туризм күндері аясында жиналған қонақтарға «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, халық күйлері мен әлемдік музыканың інжу-маржандарын нақышына келтіре орындап, әннен шашу шашты. Павильонға келушілер қазақтың қара домбырасының үніне таңданып, тамсанды.

Көрмеге келушілер үшін Семей полигонын жабуға мұрындық болған халықаралық антиядролық қозғалыс белсендісі, танымал суретші Кәріпбек Күйіковтің Семей полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған тың туындылары ерекше әсер қалдырды.

Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында, танымал дизайнер және Marino Madi сауда маркасының негізін қалаушы Мади Сыпатаев көрермендерге «Этникалық мотивтер сәнді шешімдер арқылы» атты жаңа топтамасын ұсынды.

Танымал дизайнердің айтуынша, барлық ұсынылған киімдерде белгілі туристік орындар бейнеленген, мысалы, Қайыңды көлінің, Шарын каньонының, Шымбұлақ тау курортының, Байқоңыр ғарыш айлағының, Түркістан қаласының және тағы да басқа көркем, киелі жерлердің суреті салынған. Ал фотоның астына орналастырылған QR-код осы локация туралы бейнероликке сілтеме жасап, ұлттық туристік порталға ауысуға мүмкіндік береді. Осылайша https://kazakhstan.travel сайтынан жеті тілде толық ақпарат алуға болады.

Сондай-ақ туризм күндері аясында ойын-сауық бағдарламалары үлкен сұранысқа ие болды. Ұлттық сусындармен динамикалық бармен-шоу көрсетілді. Қазақтың ұлттық асханасының гастрофестивалі ұйымдастырылды, ұлттық стильде фотозона безендірілді, ақпараттық стенд орналастырылды және виртуалды шындық (VR) арқылы тау шаңғысы симуляторы орнатылды, онда барлық қонақтар тау баурайынан шаңғымен түскендей әсерді сезінді.

БАӘ-дегі ҚР Елшілігінің қолдауымен Kazakh Tourism, KazakhInvest, KIDF, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ, Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығының, сондай-ақ бизнес-топтардың қатысуымен ірі араб компаниялары, холдингтер мен инвестициялық қорлар үшін туризм индустриясы жобаларын таныстыру бағытында инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Олардың басты назарында туризм және жылжымайтын мүлік саласындағы инвестициялар болды.

Kazakh Tourism басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов осы кездесуде Қазақстанның туризм саласының туристік әлеуеті мен перспективалық инвестициялық жобалары туралы айтты. Араб инвесторларын Ақтау қаласындағы курорттық туризм және Алматы облысындағы тау шаңғысы туризм жобалары ерекше қызықтырды.

Kazakh Tourism қазақстандық және араб туроператорлары  үшін арнайы жеке дөңгелек үстел (В2В сессиясымен) ұйымдастырды.

Араб туристеріне арналған бірегей туристік бағыттарды Қазақстанның 9 туроператоры таныстырды. Араб туристерін ТМД елдеріне жіберуге маманданған БАӘ-нің ірі туроператорлары екі ел арасындағы туристік байланыстарды ұлғайтуға және ынтымақтастыққа дайын екендіктерін мәлімдеді, және бұл туралы меморандумға қол қойылды.

Туризм күндері аясындағы басты жетістіктердің бірі ретінде Kazakh Tourisn fair exhibition organisers&Conferences компаниясымен Қазақстанда авиация индустриясының және әлемдік компаниялардың 400 өкілінің қатысуымен Халықаралық MICE іс-шарасын бірлесіп өткізу туралы келісімді алдын ала қарастырады.