
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музей түні» болып өтті. Бұл Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен, жалпы тарихы мен мәденитамырынан ақпарат алуына мүмкіндік беретін іс-шара. Қазіргі заманғы «Музей түнінің» форматы әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыра алатын мүмкіндікке ие.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Есік»мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мухтарова Гүлмира Райылқызы «Биылғы жылы мұндай шараны төртінші рет өткізгелі отырмыз. Бұл аудан көлемінде жыл сайын халық асыға күтетін мәдени іс-шараға айналып кетті. Осы аралықта біз өз аудиториямызды, олар бізді танып-біліп қалдық деуге болады. Осы жылы біздегі «Музей түні» Қазақстан музейлері дәстүрге айналдырған мамыр айында емес, маусымда өтейін деп отыр. Бұл арқылы біз музейде өткізілетін осындай форматтағы шаралар белгілі бір мерзімге «байланып» қалмайтынын, бұл музейдің жылына бір рет (мүмкін үлкен музейлерде бірнеше рет болуы да мүмкін) бір мезетте тарихқа, мәдениет пен музейге қызығатын үлкен аудиторияны жинауғамүмкіндігінің бар екендігін көрсетеміз. Бұл біздің инновациямыз болғандықтан, біздің іс-шарамыз «Инновациялық фестиваль» аясында өткізілетіні заңдылық деп ойлаймын. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі бірегей іс-шараның қызықты өтуіне атсалысқан Есік медициналық колледжінің ұжымы мен студенттеріне, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, Еңбекшіқазақ аудандық спорт мектебіне, музей саласындағы әріптестерімізге рахмет айтамын», - дей келе, осынау айтулы мәдени шараға атсалысқан белсенді жастар мен әріптестерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
«Музей түні» алдымен «Алтын адамның құпиясы» атты жастардың квесімен басталды. Бұл жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуына жол ашатын тартымды ойын. Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары алтыбақан, арқан тарту және ақсүйек ойындары ойналды. Оған қоса, «Пазырық кілемінің» суреттерін, гипстен жасалған түрлі мүсіндерді бояуға және ересектер матадан жасалған гүлді түйреуіштерді жасауға мүмкіндік беретін шығармашылық ойындар ойнауға да мүмкіндік берілді. Оған қоса, «Есік» қорық-музейінің қызметкерлерінің жасап шығарған «Сақ мәдениетінің мың түрлі бояуы» атты балаларға арналған бояу кітабының да тұсауы кесілді. «Ұста Дәркембай» музейінің шеберлері осы түні арнайы шеберлік сабақтарын көрсетсе, археология институтының қызметкері Станислав Потапов тарихи бұйымдарды, оның ішінде сақ, үйсін, қаңлы қару-жарақтарын қайта қалпына келтіру жұмыстары мен оларды соғыс жағдайында қалай пайдаланғанын көрсетіп ел қошеметіне бөленді. Сонымен қатар «Музей түніне» келуші қонақтар Алматылық «И.Л.И PlayBack» театры мен аудандық талантты жастардың «Домбыра-пати» аясындағы өнерлерін тамашалады. Ал, Айжан Бекқұлова мен Әуес Сағынаевтың заманауи үлгідегі этно-топтамаларыныңтұсаукесері шараның көркін кіргізе түсті. Қонақтар концерттік бағдарламада «STEPPE SONS» заманауи этно джаз және қазақтың көп ішекті шертпелі аспапты «АСЫЛТАС» ансамблінің, Еңбекшіқазақ аудандық өнерпаздардың өнерлеріне тәнті болды. Іс-шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды.
«Есік» қорық-музейі 1970 жылы Есік қорғандарының бірінен сақ ханзадасы табылған аумақта орналасқан. «Алтын адамның» киіміндегі алтын тоғалар мен әшекейлер Қазақстан Республикасының ұлттық символдарында қолданылып жүр. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музей түні» 2015 жылдан бастап өткізіліп, оны жыл сайын шамамен үш мыңнан астам адамдар тамашалап келеді.
Осы жылы «Музей түні» 7–17 маусым аралығында Алматы қаласындағы«АРГО» Азаматтық қауымдастық ассоциациясының қолдауымен өткізілетін Орта Азия Инновациялық фестивалімен қатар өткізіліп отыр.


