Тараз қаласында «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көшпелі көрме өтеді

Тараз қаласында «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты  көшпелі көрме өтеді

26 қазан мен 26 қараша аралығында, Тараз қаласында, Ақыртас сәулет – археологиялық кешенінде Ботай мәдениетінің құнды жәдігерлерінің көрмесі өтеді.

Ботай мәдениеті — зерттеуші– ғалым В.Ф. Зайберт Солтүстік Қазақстанның энеолит дәуіріндегі ескерткіштерін зерттеу материалдары негізінде бөліп атаған археологиялық мәдениет. Ботай мәдениетінің бірегейлігі мен мән-мағынасы әлемде бірінші болып жылқы қолға үйретілгендігіне, көшпенділердің алғашқы тұрғын үйлерінің салынғандығына негізделеді.

Бұл ғылыми жаңалық айрықша сәулет стилін қалдырып кеткен бағзы бабаларымыздың тарихи тәжірибесін айқындайды. 2017 жылы Ботай археологиялық қонысы Қазақстанның қасиетті нысандарының жалпыұлттық тізіміне енгізілген. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Ботай» республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы ашылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» іргелі мақаласын жүзеге асыру аясында «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» көшпелі көрмесін ұсынады.

Көрменің мақсаты- жұртшылықты қасиетті орынмен, баға жетпес артефактілермен таныстыру; Ботай мәдениетінің бірегей археологиялық ескерткішін танымал ету; өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, оның тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарау.