Ónerpaz bolsań... фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті

Ónerpaz bolsań... фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ерекше қажеттілігі бар адамдармен жұмыс істейтін мәдениет саласындағы үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар шығармашылық адамдары мен мәдениет ұйымдары қызметкерлері арасында ұйымдастырылған Ónerpaz bolsań... фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Байқау барысында аталған ұйымдар 17 номинация бойынша бақ сынады.  Қазылар алқасының қарауына 15 өңірден 126 өтінім келіп түсті, соның ішінде 84-і мәдениет ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардан, қалған 42-і шығармашылық адамдары мен мәдениет ұйымдары қызметкерлерінен.

Фестивальдің басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін адамдармен жұмыс істейтін ұйымдарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов марапаттау рәсіміне қатысып, байқау жеңімпаздарының есімін атады.

«Өздеріңіз білесіздер, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істейтін мәдениет саласындағы ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарды қолдау ісі Мәдениет және спорт министрлігінің басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар шығармашыл адамдар мен мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетіне жағдай жасау, қамқорлық көрсету – біздің қоғам алдындағы басты парызымыз. Осыған орай, Министрлік ағымдағы жылы тұңғыш рет ерекше қажеттілігі бар талантты адамдардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытып, кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс жасайтын мәдениет ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету үшін Ónerpaz bolsań... республикалық фестивалін ұйымдастырды. Фестивальдің жеңімпаздары – тек қана бойларына өнер дарыған өнерпаздар ғана емес, олар – ерекше жандар. Өз кезегінде бұл жоба талай дарынның жолын ашып, ата-ананың көңіліне демеу болып, ерекше азаматтарымыздың болашағына шуақ шашатынына сеніміміз кәміл. Фестиваль ерекше қабілеті бар жандарды өзгелермен теңестіріп, қоғамда өз орнын табуына үлкен септігін тигізді деген ойдамын»,- деді Мәдениет және спорт вице-министрі.

14-15 қазан күндері өткен Фестивальде қазылар алқасы төрелік еткен нәтижесін атап өтейік.

«Ерекше ұйым» номинациясы бойынша – Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарына арналған  «Шамшырақ клубы», «Біз біргеміз!» номинациясымен – «Қарағанды  облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  «Зағип және нашар көретін адамдардың мәдениет үйі», «Қолжетімді орта» номинациясымен – Жамбыл облыстық көзі  көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы. «Жомарт жүрек»  номинациясымен – «Өмір  тынысы» трансплантацияланған науқастардың қоғамдық бірлестігі, «Инклюзивті ұйым» номинациясы бойынша – «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, С. Мұқанов атындағы «қазақ сазды драма театры» КМҚК-НЫҢ«SENSITIVE» би ұжымы, «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясымен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тифло-редакторы Мадина Ермаханова марапатталды.

Сондай-ақ, «Әуезді әуен» номинациясымен Қарағанды облысынан Нұрдолдай Кенжебек, «Шексіз талант»  номинациясы бойынша  Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Мұстафа Абылай, «Ырғақты би» номинациясында Ақтөбе қаласынан келген Жалғас Жанат, «Алтын палитра» номинациясында  Қостанай облысынан қатысқан Холоша Денис, ал  «Дарынды актер» номинациясында Қостанайлық Маганбетов Арман, «Көркемсөз шебері» номинациясында Нұр-Сұлтандық Серік Жүзбай, «Дарынды қаламгер» номинациясында Алматылық Мұсанова Ардақ,  «Шекарасыз өнер» номинациясында Қарағандылық Головонченко Татьяна, «Жалынды жас» номинациясында Ақтөбелік Алтыбай Сапарбай,  «Қолданбалы өнер шебері»  номинациясында Алматылық Бортникова Виктория, «PR жақсылық» номинациясында Теміртаулық Барашкина Олеся үздік танылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының «Ерік - жігері үшін» арнайы жүлдесімен Қарағанды облысының атынан  қатысқан Кәріпбек Күйіков марапатталды.