
Биыл мамырдан бастап елімізде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру іске қосылды. Сапар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада және ірі аудан орталықтарында қолжетімді. Бағдарлама 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
Бұл жобаны дайындауға Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин белсенді қатысты. Атап айтқанда, Аружан Саин Мәдениет және спорт басқармалары бюджеттерінің үлесін балаларды спортпен айналысуға және шығармашылыққа қаржыландыруға бағыттауды ұсынды. Бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, 1 мамырдан бастап үйірмелер мен секцияларды жан басына қаржыландыру ережелері күшіне енді. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Бүгінгі таңда елімізде 127 мыңнан астам спорт секциясы мен 23 мыңнан астам балалар үйірмесі жұмыс істейді. Нәтижесінде, балалар мен жасөспірімдердің 37,5%-ы (жалпы балалар санының 1,5 млн) спорт секцияларымен, білім беру және мәдениет ұйымдарындағы шығармашылық үйірмелермен 33,4%-ы (1,3 млн) қамтылған.
Баланы кезекке қою үшін ата-аналар Artsport.edu.kz сайтына кіріп, онда электронды өтініш беруі керек (өтінішті ата-аналардың біреуі береді). Осыдан кейін балалар арасында бос орындар олардың кезектілігіне сәйкес бөлінеді. Әрі қарай балаға секцияға қабылдау үшін ваучер беріледі.
Ваучерде көрсетілген өнім беруші мен баланың ата-анасы арасында ваучердің қолданылу мерзімі ішінде баланы қабылдауға шарт жасалады.
Шарт жасасу үшін баланың заңды өкілі өнім берушіге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) спорт секциясына қабылдауға еркін нысандағы өтініш;
2) баланың суреті;
3) баланың туу туралы куәлігінің сканерленген көшірмесі;
4) 027/у нысаны бойынша дәрігердің сабаққа жіберуге рұқсаты бар баланың денсаулық жағдайы туралы анықтама;
5) 037/е нысаны бойынша баланың эпидемиологиялық ортасын талдау туралы анықтама.