
Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Әсет Жұмабаевтың «Домбыра бас аспабына арналған оқу құралы» кітабының тұсаукесері өтті.
Алқалы жиында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев сөз сөйледі.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі мен Н,Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінде еңбек атқарған Өтепберген Хамзаұлы, Амантай Нұрпейісов сынды ардагерлер және Арман Жүдебаев жасады.
Оқу құралының тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы өнер ұжымдары мен кәсіби музыкалық оқу орындарының басшылары, ұстаздары және аспапта орындаушылар қатысып, жазылған еңбекке өз бағаларын беріп, ізгі тілектерін білдірді.
Осынау іс-шараның мақсаты - домбыра бас аспабын насихаттау, тарихын зерделеу, болашақ ұрпаққа жеткізу. Ұлт аспаптары оркестріндегі домбыра аспабының міндетін айқындау.
Айта кетейік, домбыра бас аспабы 85 жылдық тарихында алғаш рет оқу құралы ретінде жүйеленіп, жарыққа шығып отыр.
Оқу құралында - аспаптың шығу тарихы, шеберлердің аспапты жасауы, тұңғыш негізін қалаушылар, алғашқы орындаушылар және осы күнге жеткізушілер туралы зерттеу нәтижелері берілген.
Домбыра бас аспабын - 1935 жылы академик Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне енгізген. Аспап домбыра тобына жатады. 1950 жылдан бастап аспап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жеке мамандық ретінде оқу үрдісіне енгізілген.