
Ақтөбе облысында «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы басталды.
Бүгін, 15 қазанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы өтті. Форумға Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен елімізге танымал ақын-жазушылар, қатысты:
Қуат Борашев, Мәдениет және спорт министрлігі, Архив және құжаттама комитетінің төрағасы;
Ерлан Жұрынбаев, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі;
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы;
Елена Әбдіхалықова, композитор, ақын;
Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары;
Мереке Құлкенов, журналист, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі және т.б.
Форум барысында шығармалары қазақ әдебиетінің классикасына енген көрнекті ақтөбелік ақындар мен жазушылардың Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Үмбетбай Уайдин, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетовтің атындағы 10 номинация бойынша республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Сол сияқты бүгін композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты іс-шараға Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Домбаева, Төлеген Айбергеновтың қызы Махаббат Айбергенова, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.
Республикалық форум сағат 18.00-де «Өнер орталығы» ғимаратында өтетін белгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концертімен аяқталады.
Сол сияқты бүгін «Қоғамдық келісім» ғимаратында Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» бард әндерін орындаушыларының республикалық байқауы өтті.
Айта кетейік, Әдебиет форумы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған болатын.
Кеше 14 қазанда «Қоғамдық келісім» ғимаратында «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауы ұйымдастырылды.
Ал, «Өнер орталығы» ғимаратында «Сыған серенадасы» спектаклінің қойылымы ұсынылды.