Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде Қазақстан Республикасындағы Ресейдің Мәдениет күндері аясында «Вологда шілтері» атты көрме басталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі ұйымдастырып жатқан іс-шараның ашылуына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Ольга Ярилова қатысты.
Іс-шара кезінде сөз алған Нұрғиса Дәуешов екі мемлекет арасындағы мәдени қарым-қатынастың тамыры тереңде екенін, кейінгі жылдары пандемияға қарамастан ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтты. Сөз арасында 2004 жылы Мәскеуде Абай Құнанбайұлының, ал елордада Александр Пушкиннің ескерткіші ашылғанын, бұл екі ел әдеби достықты жандандыруға үлес қосқанын жеткізді.
Ольга Ярилова осы аптада өтетін іс-шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға бастайтын жол екенін айтып, екі тарапты көне мәдени мұралар мен ұлттық құндылықтарды сақтауға үлес қосуға шақырды.
Айта кетейік, Ұлттық музейде өтетін «Вологда шілтері» көрмесінің мақсаты – орыс халқының сәндік-қолданбалы өнерін, табиғаты мен дәстүрін, тарихын айқындап көрсету. Көрмеге қатысушылар орыс халқының мәдениетімен танысып, көрмеге қойылған түрлі туындыларды көре алады. Сонымен қатар Н.Веселова, М.Пальникова, А.Ракчеев сынды қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан орыс халқының ұлттық киімдері бар. Көрме 17 қазанға дейін жалғасады.