
Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастырған кескіндеме жанры бойынша қалалық плэнерге қатысқан суретшілердің шығармашылық туындыларының көрмесі өтті.
Көрмеге 15 суретші қатысты. Оның 10-ы Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының, 5-уі Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы жанындағы жас суретшілер одағының мүшесі. Өз кезегінде бұл 5 жас суретші Тәуелсіздіктің құрдасы, яғни 1991 жылы туған.
Шығармашылық кенепте Алматы қаласының дамуының 3 кезеңін көрсету жобаның басты мақсаты. Соның ішінде, Верный қаласының дамуының ерте кезеңі, соның ішінде XIX ғасырдағы ағаш ғимараттар, оңтүстік астанадағы XXI ғасырдың индустриализациясын көрсететін нысандар мен хайтек, жаңа технологияларға бейімделген Тәуелсіздік кезеңіндегі Алматы қаласының жаңа бейнелері суретшілердің туындыларына арқау болған.
Ендігі жерде әсем Алматының бейнесін көрсететін отандық суретшілердің туындылары қаланың мәдени өмірі мен тарихында мәңгі сақталады.