Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және Social Development Center қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы таулар шыңдары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Арт-симпозиум Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік тапсырмасына сәйкес бейнелеу өнері бойынша кәсіби тәжірибе алмасу, Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінің мәдени кеңістіктегі үрдістерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бейнелеу өнерін мемлекеттік қолдау туралы мәселелерге арналған дөңгелек үстел өтті. Көрмеге еліміздің табиғи және мәдени мұрасын, халық тарихын, дәстүрлі мәдениетін көрсететін 60-тан астам көркем шығарма қойылды. Аталған іс-шараға Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Семей, Талдықорған, Орал, Шымкент сынды 10 өңірден 45 суретші қатысты.
Суретшілер өз шығармаларында Тәуелсіздік идеясын жүзеге асыра отырып, халықтың сан ғасырлық тарихы және дәстүрлі мәдениет әлемі мен бүгінгі күннің сюжеттерін бейнеледі. Кейбір өнер иелері өткен мен қазіргі заманның кескіндемелік метафораларын жасаса, басқалары – уақыт арасындағы үздіксіз байланысты ашып көрсетті.
Арт-симпозиумның өткізілуі тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық өнердің жетістіктерін суретшілер шығармашылығы арқылы көрсетуге, жаңа есімдерді ашуға және бейнелеу өнерінің өзекті мәселелерін талқылау үшін алаң құруға мүмкіндік береді. Көрме осы жылдың 8 қарашасына дейін жалғасады. Сонымен қатар виртуалды көрмені ұйымдастырушылардың ресми сайттарында көруге болады.