
Аталған кинотуындыны режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов, тең сценарий авторы Ғазиз Насыров, актерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова және Асан Киркабаков, сондай-ақ жазушы Жүсіпбек Қорғасбек таныстырып, фильм туралы кеңінен әңгімелеп берді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған «Талан» көркем фильмінде жиырмасыншы ғасырдың 30-шы – 40-шы жылдардағы ел тарихында орын алған оқиғалар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады. Фильмнің сценариі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған. Картинаның түсіру жұмыстары Алматы және Алматы облысында жүргізілді.
- Фильм қазақ халқының 30-40 жылдарда бастан кешкен күрделі тарихи кезеңдерді баяндайды. «Талан» сөзі – «тағдыр» дегенді білдіреді. Сондықтан да, бұл фильмде мен сол замандағы адамның образын және ел басына төнген нәубет арқылы халықтың тағдырын көрсеткім келді. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақфильм» киностудиясы мен фильмді түсіру барысында басы-қасымда болып, бірге жұмыс атқарған барлық шығармашылық тобына алғысымды білдіремін. Маған сенім артқандарыңызға, үлкен рахмет, - деді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.
- Бұрындары мені тек эпизодтық рөлдерге шақыратын. Бір күні үш бірдей фильмге - басты рөлге шақырту алдым. Екі фильмде қылмыскерлерді сомдадым, аса қатты қиналғаным жоқ. Ал «Талан» фильмінде бар күшімді салып ойнадым. Бұл рөлге режиссер Болат Қалымбетов мені екі жылдан астам уақыт дайындады, - деді актер Асан Мәжит.
Одан бөлек, бұл фильмге қазақтың басқа да танымал актерлері түскен, олар:
Ерік Жолжақсынов (Таласбек), Шынар Жанысбекова (Бибісара), Ержан Нұрымбет (Шорман), Ұлан Нүсіпәли (Шүкір), Оңдасын Бесікбасов (Қастек).
Естеріңізге сала кетсек, «Талан» фильмінің әлемдік тұсаукесері
Иранның Тегеран қаласында өткен 36-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» конкурстық бағдарламасы шеңберінде өткен болатын. Сонымен қатар, аталған туынды жақында ғана Астанада өткен XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліннің «Еуразия» жүрегінен» бағдарламасында көрсетілді.
«Талан» көркем фильмі үсітіміздегі жылы 20 қыркүйектен бастап прокатқа шығады.
«Талан» фильмі туралы:
Тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен байланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы – тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан – тағдырдың синонимі.
Режиссері: Болат Қалымбетов
Сценарий авторлары: Ғазиз Насыров, Болат Қалымбетов
Қоюшы операторы: Сапар Койчуманов
Қоюшы суретші: Қуат Тлеубаев
Рөлдерде: Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Ұлан Нүсіпәлі, Оңдасын Бесікбасов, Асан Киркабаков, Жасұлан Әйтенов, Қаршыға Әлікенов, Аян Өміржан.
Режиссер туралы ақпарат:
Қалымбетов Болат Нұрғалиұлы – кинорежиссер, актер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық кинофестивальдердің лауреаты, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1955 жылы 20 маусымда Алматы облысы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының актерлық факультетін(Х.Бөкееванық шеберханасы), ал 1989 жылы Алматы Мемлекеттік өнер институтының режиссерлық факультетін тәмамдаған.
Болат Қалымбетов киноға небәрі 10 жасында келді. Ең алғаш ол 1966 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты фильміне түскен.
ФильмографияСЫ. Көркем фильмдердің режиссері: «Тамшы» (КФ, 1989), «Айналайын» (КФ, 1990), «Соңғы ызғарлы күндер» («Катарсис» ШӨБ, 1993); «Сардар» (КФ, 2004), «Айналайын» телесериалы («Сатайфильм», «Қазақстан» арнасының тапсырысы бойынша, 40 сериялы, 2012).

