
Бүгін Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық опера және балет театрында Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы мәдениет күндері аясында екі мемлекеттің бірқатар мәдениет және өнер қайраткері марапатталды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан қырғызстандық өнер майталмандарына Құрмет грамотасын табыстады. Олар: Закирбек Дүйшөнбекуулы, Ирина Сүйөркулова, Рысбек Жұмакүнов, Бақыт Тілегенов, Ұланмырза Карыпбаев, Назира Мамбетова, Урмат Узенов.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Қырғыз Республикалары арасындағы мәдени серіктестіктің дамуына үлес қосқаны үшін бірқатар қырғызстандық өнер иесін Алғыс хатпен марапаттады. Олар: Нұргүл Молдошева, Қырғызбай Осмонов, Керім Турапов, Айгүл Мамбетқазиева, Мұратбек Бегалиев, Мамашарип Чотонов, Абдылдажан Акматалиев, Айнура Асанбаева, Бақтияр Алиев, Эрлан Догдурбеков, Мукталы Бектеналиев, Нұрзат Ыбыкеев, Жанышбек Жамурзаев, Егемберді Чалабаев, Жейлан Алпаслан, Аида Манкеева, Венера Өмүрбекқызы, Ринат Бакеев.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы Әшімовке, «Парасат», «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішевке және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваға Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықты табыстады.
Қазақстанның Халық артисі Нұржамал Үсенбаева Әбділас Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлыққа, Қырғыз Республикасының «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісіне ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев, Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Алпысбай Қазғұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» солисі және «МузАРТ» тобының мүшесі Мейрамбек Беспаев ие болды.
Сонымен қатар Қайрат Иманалиев Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, композитор Секен Тұрысбеков, Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар» театрының директоры Әділ Ахметов, композитор Нүркен Әшіров Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ Әлібек Дінішев пен Майра Мұхамедқызына Қалия Молдобасанов атындағы Қырғыз ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атағы, ал Мақпал Жүнісова мен Алтынбек Қоразбаевқа Бибісары Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер университетінің құрметті профессоры атағы берілді.
Салтанатты іс-шара Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқан өнер иелерінің концертімен жалғасты.