Ақтоты Райымқұлова Қайрат Иманалиевпен кездесті

Ақтоты Райымқұлова Қайрат Иманалиевпен кездесті

Бүгін Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев кездесті. Министрлер Қырғыз Республикасындағы Қазақстанның Мәдениет күндерінің ресми ашылуына дейін екі тараптың мәдениет және өнер ұйымы жетекшілерінің қатысуымен мәдени-гуманитарлық байланысты талқылады. Сонымен қатар көршілес елдер арасындағы берік көпір саналатын мәдениет саласында іске асырылатын бірқатар жобалар жайы айтылды, бірінші кезекте тұрған іс-шараларды іске асыру мәселелері қозғалды.

Ақтоты Райымқұлова Қырғыз Республикасында бастау алғалы тұрған еліміздің Мәдениет күндеріне қазақ өнерпаздары жоғары дайындықпен келгенін айтты. Қазақ-қырғыз халқының тарихы мен мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, 2022 жылы Қазақстанда Қырғызстанның Мәдениет күндерін өткізуге шақырды.

Қайрат Иманалиев барлық деңгейде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізіп, жүздесуге қатысқан барлық өнер қайраткері мен мекеме басшысына Мәдениет күндерін өткізуде табыс тіледі.

Жиын соңында екі мемлекеттің министрі арадағы бейбітшілікті, достық пен гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға күш салатынын атап өтті.