
30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Маңғыстау облысында Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдос Сәкенов еліміздегі ішкі туризмді дамыту перспективасы бөлігіндегі жұмысы, оның ішінде туристік саладағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру мен мемлекеттік қолдау шаралары, цифрландыру және турөнімдерді дамыту жөніндегі жұмысы жайлы баяндады.
Сонымен қатар Айдос Сәкенов Маңғыстау облысының әкімімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен, туристік қауымдастық және бизнес өкілдерімен ішкі туризмді дамыту мәселелерін және оны шешу жолдарын талқылады.
Көшпелі отырыстың мақсаты – «Ішкі туризмді дамыту: замана талабы» тақырыбына Парламенттік тыңдауға дайындық аясында Маңғыстау облысында туризмді дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылау.
«Бүгінде елімізде туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Оның мақсаты – мемлекет экономикасындағы туристік саланың мультипликативті әсерін арттыру үшін нормативтік базаны қалыптастыру. Біз бұл тетіктерді еліміздің туристік өңірлерінде жүзеге асыру маңызды деп санаймыз»,-деді Айдос Сәкенов.
Сондай-ақ сенаторлар Әбіш Кекілбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ақтау қаласының кейбір туристік кәсіпорындарының жұмысымен танысты.