Қос балуанымыз жұбаныш белдесуінде жеңілді

Қос балуанымыз жұбаныш белдесуінде жеңілді

Норвегия астанасы Ослода күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін әйелдер күресінде қос балуанымыз жұбаныш жекпе-жегіне шығып, қарсыласқа жол берді.

53 келідегі Асылзат Сағымбай канадалық Саманта Ли Стюарттан (0:10) оңбай ұтылды. Кеше Асылзат 1/8 айналымда молдовалық Юлия Леордаға (0:5) есе жіберген еді. Молдовалық атлет финалға шыққандықтан Асылзат жұбаныш белдесуіне шығуға мүмкіндік алды.

Ал 65 келідегі Айна Теміртасова жұбаныш белдесуінде Беларусь өкілі Мария Мамашуктің (0:4) мықты екенін мойындады. Кеше қазақстандық 1/8 кезеңде румыниялық Криста Инчеден басым түскенімен, ширек финалда жапониялық Мива Морикавадан ұтылды.

Сондай-ақ, 76 келідегі Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова әлем чемпионатын 1/8 кезеңнен бастап, египеттік Самар Амер Ибрагим Хамзаға жол берді.