Ақтоты Райымқұлова Бибігүл Төлегенова атындағы XI халықаралық вокалистер байқауының ашылуына қатысты

Ақтоты Райымқұлова Бибігүл Төлегенова атындағы XI халықаралық вокалистер байқауының ашылуына қатысты

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан», І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Бибігүл Төлегенова шығармашылығының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған XI халықаралық вокалистер конкурсының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Мәдениет және спорт министрі 2004 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл конкурс еліміздің мәдени өміріндегі ерекше құбылысқа айналғанын атап өтті.

«Бұл халықаралық байқаудың өмірге келуіне өнер қайраткері, ерекше дарын иесі Бибігүл Ахметқызының еңбегі орасан зор. Биыл музыка әлеміндегі іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен белгілі әнші шығармашылығының 70 жылдығына орай өткізіліп отыр. Жыл сайын конкурстың аясы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл конкурсқа елімізбен қатар Ресей, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден келген 70-ке жуық вокалист қатысады. Осыған дейін конкурста топ жарған жеңімпаздар  әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, музыкасүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүргені баршамызға аян»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпаққа адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру, жастардың назарын халық музыкасына және классикалық музыкаға аудару.

Байқауға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Роза  Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы мен «Астана Опера» халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Тимур Урманчеев (Қазақстан), Мәдениет және өнер саласындағы Литва ұлттық сыйлығының лауреаты, Литва музыкалық-театр академиясының профессоры Ирена Милькявичюте (Литва), Форо Бонапарттағы Музыкалық академияның профессоры, Г.Доницетти атындағы академияның камералық ән айту бөлімінің меңгерушісі Александр Гусев (Италия), Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Тамара Новиченко (Ресей), Прага мемлекеттік операсының солисі Дамир Басыров (Чехия), Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Рамиз Усманов (Өзбекстан) қазылық етеді.

Байқау соңында әр қатысушы қазылар алқасынан көрсеткен өнерінің бағасын алып, кәсіби мамандардың ақыл-кеңесін тыңдайды. Аталған өнер мерекесі әлемдік сахналарда ән шырқайтын жас әншілерді анықтауға мүмкіндік сыйлайды.