
Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ 75 жылдық мерейтойы аясында «ҚР Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» атты конференция өтті. Конференцияның ашылу салтанаты кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті архиві директоры Ж. Әбдіқадырова, директордың орынбасары Ә.Х.Мұстафина, Алматы облысы мемлекеттік архивінің бас директоры Г.Кулмуханбетова, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің директоры А.Ботанов, Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы А.Исатаева, Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Турсынова, Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің директоры М.Тулебай, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры А.Шажалықызы, Қырғызстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар архиві директорының орынбасары М.С.Суваналиева, ғалымдар, ұстаздар, архив саласының мамандары қатысты.
Конференцияны Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Т.Н.Тойбаев алғы сөзімен ашты.
Конференцияда қазіргі кездегі архив ісінің дамуы мен болашағы, отандық аудиовизуалды архив саласының жетістіктері, оларды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілдері, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында архивтердің сандық жүйеге көшуі, ақпараттық жүйеде ретроспективті құжаттармен қамтамасыз етудің маңыздылығы, мемлекеттік архивтерді сандық жүйеге келтіру мәселелері талқыланды.
Конференция жұмысы барысында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің 75 жылдығына арналған «Тарих – тамырың, болашаққа тағылым» атты көп сериялы альбом кітаптың тұсаукесері жасалды. Альбомға революцияға дейінгі Қазақстан тарихынан сыр шертетін, бұрын-соңды жарияланбаған архив қорындағы маңызды деген суреттер ғана енгізілді. Алдағы уақытта альбом кітапты Қазақстан тарихын тарихи кезеңдерге бөле отырып шығару көзделіп отыр.
Республикалық, облыстық, өңірлік архив мамандарының мақалалары «ҚР Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» деген тақырыппен арнайы конференция материалдары ретінде жарық көрді.
Архивтің конференц залында арнайы көрме ұйымдастырылып, архив киноқорындағы «Востоккино» студиясы және «Межрабпром» кинотресінің операторлары түсірген деректі очерктер мен таспалар: «Қазақтардың өмірі мен тұрмысы» (1927 ж.), «Алма-Ата – Қазақстанның астанасы» (1929 ж.), «Түрксіб» (1930 ж.) және т.б. Азаматтық және отан соғысына қатысқандар, еңбек ерлері жайлы, ғылым және өнер қайраткерлерінің: «Тұрар Рысқұлов», «Әлия», «Дина», «Амангелді Иманов», «Мәншүк», «Высокое небо Талгата», «Мәжит Бегалин», «Сәкен Сейфуллин» сынды және басқа да көптеген атақты адамдардың деректі фильм-портреттері арнайы теледидарларда көрсетілді.
Сондай-ақ, жазушы Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, ақын Мұқағали Мақатаевтың өз дауыстары арнайы құрылғыда тыңдатылды. Архивтегі құнды, ескі фотоаппараттар, бейнекамералар көрмеге қойылды.
Конференция жұмысының соңында архивтік мекемені аралау кезінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Тасқын Нұрбайұлы Тойбаев архивтік үдерістерді автоматтандыру мен компьютерлендіру саласындағы өнімдер мен сандық жүйеге көшіру жұмыстарының барысымен таныстырып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Конференцияның барлық қатысушыларына арнайы сертификат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

