В схватке за бронзовую медаль два наших борца проиграли

В схватке за бронзовую медаль два наших борца проиграли

Бүгін Норвегия астанасы Осло қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында қос балуанымыз жұбаныш белдесуіне шығып, жүлдеге қол жеткізе алмады.

Әуелі 86 келіде кілемге шыққан Азамат Дәулетбеков Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ресей Олимпиада комитетінің өкілі Артур Найфоновқа қауқар таныта алмады. Есеп 3:0. Азамат осыған дейін іріктеуде польшалық Себастьян Езиерзанскийді ұтқанымен, 1/8-де ирандық Хасан Ядзаниден айласын асыра алмаған. Иран өкілі финалға шыққандықтан отандасымыз жұбаныш белдесуіне шығып, пуэрто-рикалық Итан Рамосты айқын басымдықпен жеңген еді.

Ал 125 келіде өнер көрсететін Азия чемпионы Олег Болтин қола медаль үшін белдесуде моңғолиялық Лхагвагерель Мунхтурге есе жіберді. Белдесу барысында қазақстандық балуан есепте алда тұрған. Алайда соңғы сәтте жеңісті уысынан шығарып алды. Есеп 3:5.

Олег іріктеу кезеңінде молдовалық Егор Оларды (6:5), сосын ширек финалда украиналық Олександр Колдовскиді (6:3) ұтты.  Бірақ жартылай финалда грузиялық Гено Петриашвилиге (10:0) жол берді.

Бұдан бөлек, бүгін сынға түскен үш балуанымыздың жолы болмады. 57 килода ен намысын қорғайтын Мейрамбек Қартбай алғашқы белдесуінде моңғолиялық Эрденебат Бехбаярдан жеңілді. Есеп 10:5. Сонымен қатар 65 келідегі Әділ Оспанов та алғашқы белдесуінде Бахрейн балуанына есе жіберді.

Болат Сақаев (79 кг) іріктеу кезеңінде венгриялық қарсыласын ұтқанымен 1/8-де жарақатына байланысты америкалық Джордан Барроузбен болатын жекпе-жекке шыға алған жоқ.