
Бүгін ФИДЕ-нің ұйымдастыруымен Испанияның Сиджес қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар жекелей сында жүлдегер атанды.
Үздік партияға арналған сыйлық халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікке поляк шахматшысы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Йолянта Завадскаямен болған кездесу үшін берілді.
Ал халықаралық гроссмейстер Динара Садуақасова 2-ші тақтада жекелей сында чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Қазақстандық шахматшы жарыс барысында үнемі жоғары деңгейдегі өнер көрсетті. Сонымен қатар жекелей сындағы тағы бір қола медаль 16 жастаға шахматшы, халықаралық дәрежедегі әйелдер шебері Меруерт Камалиденоваға бұйырды. Меруерт Қазақстан кұрамасында 3-тақтада ойнап, Үндістан мен Украина құрамасымен болған ойында тамаша нәтиже көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, жалпыкомандалық есепте Қазақстан ширек финалда Үндістан құрамасынан ұтылып, жүлдеге таластан сырт қалған еді. Ресей шахмат федерациясы жеңімпаз атанса, Үндістан құрамасы 2-орынға ие болды. 3-орынды Украина мен Грузия құрамасы бөлісті.