Қазақстанда Беларусь Республикасының Мәдениет күндері басталды

Қазақстанда Беларусь Республикасының Мәдениет күндері басталды

Бүгін Қазақстанда Беларусь Республикасының Мәдениет күндері басталды. Іс- шаралар легі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ұйымдастырылған көрмеден бастау алды. Әрі қарай Беларусь елінің Мәдениет министрі Анатолий Маркевич пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов Ұлттық музейде Беларусь елінің жас суретшілер көрмесінің ашылуына барды.

Нұрғиса Дауешов көрме аясында қонақтарды қарсы алып, екі елдің мәдени қарым-қатынасын екі жақты нығайту жоспарын сөз етті. Бұл жобаның мақсаты - Беларусь елінің әсем табиғатын талантты суретшілердің туындылары арқылы жеткізу.

Анатолий Маркевич екі ел арасындағы ұзақ жылдарға созылған достық қарым-қатынас пен экономикалық байланыстың өркендеп дамуына тілектестігін білдіріп, «Біздің әр кездесуіміз мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа серпін береді»,-деді.

Көрмеге келушілер Глеб Отчика, Антон Вырво, Евгения Зайцева, Анжэя Трубицкая, Анна Садовская сынды қылқалам шеберлерінің сезімін, түсінігін, табиғатқа деген эстетикалық ереше ықыласын, көрермен назарына ұсынылған пейзаждан аңғарды. Көрмеге қойылған туындылар үш бөліктен тұрады. Картиналардың сол жақ шетінде Беларусь мемлекетінің көркем табиғаты бейнеленсе, орталығында салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары бейнеленген картиналар, оң жағына қойылған туындыларда ескі тракторлардан бастап қазіргі ғарыш кемелеріне дейінгі жасалған техникалар бейнеленген картиналар қойылды.

Суретшілер көрмесінің мақсаты - Беларусь елінің табиғаты мен дәстүрін, тарихын айқындап көрсету. Кешке «Қазақстан» концерт залында Беларусь Республикасының жетекші солистері мен шығармашылық ұжымдарының Гала-концерті өтті. Концертке Беларусь Республикасының еңбек сіңірген артистері Виктория Алешко, Александр Солодуха, Алена Ланская, Жаннет қатысып, өнер көрсетті.

Сонымен қатар Мәдениет күндері аясында «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығындағы кинопаркте 3 қазанға дейін Беларусь Республикасының кино күндері көрермен назарына ұсынылады.