«Қазақконцертте» Нұрғиса Дәуешов Анатолий Маркевичпен кездесті

«Қазақконцертте» Нұрғиса Дәуешов Анатолий Маркевичпен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевич екіжақты кездесу өткізді.

Жиында Нұрғиса Дәуешов пандемияға байланысты әлемдегі қалыптасқан жағдайға қарамастан, екі елдің мәдениет өкілдері екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту және нығайту бағытында нақты қадамдар жасап келе жатқанын атап өтті. Екіжақты ынтымақтастық аясында бірқатар ауқымды мәдени жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстан өкілдері «Беларусь кітаптары» халықаралық көрме-жәрмеңкесі, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі, «Лістапад» Минск халықаралық кинофестивалі және өзге де мамандандырылған мәдени және көрме-жәрмеңке іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Қазақстан Республикасында Беларусь халқының мәдени мұрасын насихаттау бойынша жұмыс шеңберінде Беларусь пен Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттары мен мұражайлары арасында әріптестік өзара іс-қимыл орнатылды. Әдебиет пен өнер, кинематография қайраткерлері арасындағы шығармашылық байланыстар қолдау тауып отыр»,-деді Нұрғиса Дәуешов.

Осыдан кейін Нұрғиса Дәуешов Беларусь ұлттық-мәдени орталықтары Нұр-Сұлтан қаласында құрылған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы беларусь тілі, тарихы және мәдениеті орталығында табысты жұмыс істеп келе жатқанын айтты.

«Өз кезегінде, Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде Қазақстан-Беларусь мәдени білім беру орталығында және Беларусь ұлттық техникалық университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Биыл 17 мамыр мен 24 маусым аралығындағы Беларусь Республикасында қазақстандық режиссер Бекболат Шекеровтың «1941-дің жазы» атты көркем фильмінің түсірілімі өткенін айтты. Бұл фильм фашизмді жеңген Ұлы Жеңістің 75 жылдығына, екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтың жауынгерлік жолына арналған көркем фильм. Ал 26-28 маусым аралығында Борисов қаласында М.Горький атындағы Мәдениет үйінде Беларусь Республикасындағы жастар күніне орай ұйымдыстырылған «Жастардың өнері-болашақтың тарихы!» атты іс-шара өтті. Бұл іс-шараға елімізден жас суретші Дилара Смирнова мен Қазақ ұлттық хореография академиясының 2-курс студенті Ғұмар Сұлтанбек қатысты. Қазақстандық әншілер «Славян базары» эстрадалық ән байқауында бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алды. 2015 жылы Димаш Құдайберген байқау жеңімпазы атанса, балалар музыкалық байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені 10 жастағы қазақстандық Луиза Нұрқуатова жеңіп алды. Ал 2019 жылы Әділхан Макин, 2016 жылы Дәурен Оразбеков (ADAM) 1-орынды иеленген»,-деді Н.Дәуешов.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Беларусьтің Мәдениет күндерін өткізу, Қырғызстанда Қазақстанның Мәдениет күндерін, ал Қазақстанда Ресейдің Мәдениет күндерін өткізу жоспарланған. Мәселен 2018 жылдың 4 желтоқсанында Минск қаласының Беларусь мемлекеттік филармониясында Беларусь Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері сәтті өтті. Бұл концертке Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының мемлекеттік симфониялық оркестрі қатысты. Сонымен қатар Беларусь көрермендері үшін Қазақстанның мәдениет күндері аясында фотокөрме ұйымдастырылды, Қазақстанның ұлттық мәдениетін ARLANZHETE ұлттық киімдер мен салт-дәстүрлер театры ұсынды.

Биыл 10-18 қыркүйек аралығында Брест қаласында өткен «Белая вежа» халықаралық театр фестивалі XXV жылдық мерейтойын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 30 жылдығына арнады. Форумда - Ресей, Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Молдова елдерінен келген өнер ұжымы бақ сынып, 22 спектакль сахналады. Фестивальға Қазақстан атынан Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры Ингмар Бергманның пьесасы бойынша «Осенняя соната» спектаклімен қатысты.

Сөз арасында Нұрғиса Дәуешов Беларусь Республикасының Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры арасында екіжақты ынтымақтастық жайлы Меморандумға қол қойылғанын, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы Беларусь мемлекеттік филармониясымен Меморандумға қол қою мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді.

Нұрғиса Дәуешов мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ұйым құрылғанын, оның құрамында еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері мен екі ел министрлігінің өкілдері бар екенін айтты. Вице-министр екі тараптың да осы іс-шараға белсенді қатысатындығына сенім білдірді.

Осыдан кейін Беларусь Республикасының жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжымдарын келесі іс-шараларға шақырды: Музыкалық аспаптарда орындаушылардың халықаралық балалар телевизиялық байқауы (2021 жылдың қазан айының аяғы – қараша айының басы); «Опералия» халықаралық фестивалі (2022 жыл); Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауы (2023 жыл).