Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының плей-офына шықты

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының плей-офына шықты

Бүгін ФИДЕ ұйымдастыруымен Испанияның Сиджес қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатының (FIDE World Women’s Team Championship) іріктеу кезеңі аяқталып, плей-офқа шыққан құрамалар анықталды.

Қазақстан құрамасы сапында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Гүлмира Дәулетова өнер көрсетіп жатыр. Жалпы бәсекеге елімізбен қатар Америка құрамасы, Әзірбайжан, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Испания, Польша, Ресей шахмат федерациясы, Украина мен Франция құрамасы келді.

Ұлттық құрама алғашқы күні Германия және Грузиямен күш сынасты. Жансая Әбдімәлік қыздар арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Элизабет Петцтен, Динара Сәдуақасова германиялық Жозефина Хайнеманнан басым түсті. Ал қорытынды есеп 2,5:1,5. Қазақстан алғашқы жеңіске қол жеткізді. Екінші ойында Қазақстан Грузиямен тең түсті (2:2).

Чемпионаттың екінші күнінде қазақстандық қыздар Америка құрамасын жеңгенімен (2,5:1,5), төртінші турда Украинаға жол берді (1,5:2,5). Шешуші турда Қазақстан командасы Польшаны сенімді жеңіп (3,5:1,5), топта үшінші орынға жайғасты.

Топтық кезеңдегі нәтиже:

А тобы:

  1. Ресей шахмат федерациясы – 10 ұпай;
  2. Үндістан – 7;
  3. Армения – 5;
  4. Әзірбайжан – 4;
  5. Франция – 2;
  6. Испания –

B тобы:

  1. Грузия – 8;
  2. Украина – 7;
  3. Қазақстан – 7;
  4. Америка елдері құрамасы – 3;
  5. Германия – 3;
  6. Польша – 2;

Айта кетейік, әр топта үздік нәтиже көрсеткен 4 құрама плей-офқа жолдама алды. Ширек финалдағы қарсыластар: Қазақстан-Үндістан, Ресей шахмат федерациясы-Америка елдері құрамасы, Армения-Украина, Әзірбайжан-Грузия.

Үндістан құрамасының шахматшылары:

1. Әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Харика Дронавалли;

2. Қыздар арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Вайшали Рамешбабу;

3. Шахматтан әйелдер арасындағы Үндістанның екі дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Таня Сачдев;

4. Әйелдер арасында Азия чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Бхакти Кулкарни.